«Көзіне түсіппін»: Гүлзира Айдарбекова күйеуімен қалай танысқанын айтты

Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова жас кезіндегі есінен кетпейтін оқиғасын айтып берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Өнер иесі жолдасымен кездескен сәтін есіне алды.
“Мен мектепті бітірген жылы Нүрекең енді ғана әскерден келген кезі болатын. Түрі де осындай, үстіндегі майкасы да тура осы, тапшанда досымен отыр екен. Мен де, ол да қаладағы ағаларымыздың үйінде тұрамыз. Екі үйдің ортасын бөліп тұрған сол тапшан мен тар ғана жол. Асығып жүріп сүрініп, қолымдағы наным шашылып қалған кезде көзіне түсіппін. Нүрекеңнің шығарған “Сүрінген қыз”әні де сол кездегі сәтімізден естелік етіп жазылған. Қолында гитарасы, қашанда ән айтып жүретін. Орталық паркте, би кештерінде, тойларда ән салады екен. Солай нәпақасын тауыпты. Содан бері 37 жылдан асты, біргеміз. Сол махаббатымыздың куәсі ақ Қайроштарыңыз бала кезінен сахнаның көркіне айналды. Тыңдармандарын Нүрекең мені баурағандай баурап келеді. Аллаға шүкір үш ұлымыз, келіндеріміз, немерелеріміз өсіп-өніп, соларға қарап, бәрін еске алып отырамыз. Адамның бар байлығы– отаны мен отбасы. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, отбасымызда бәрі жақсы болуын жазсын”, – деп жазды продюсер.
Соңғы жаңалықтар





