Курьер зорламақ болған қыз: «Саған енді ешкім үйленбейді» деді
Желіде Маркиза бүркеншік есімімен танымал Дарья Подгорная қоғамда резонанс тудырған өзіне қатысты оқиғаның мән-жайын бөлісті. Жәбірленушінің айтуынша, жеткізу қызметінің өкілі тарапынан заңсыз әрекеттер жасалған. Аталған жағдайды әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін, бойжеткен қоғам тарапынан түрлі сөгіс пен кері пікірлерге тап болғанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол TalkLike подкастында әңгімеледі.
«Бұл, бәлкім, қазіргі таңда мен үшін ең ауыр тақырып шығар. Бұл жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндағым келмейді, әлеуметтік желілерде мәлімет жеткілікті деп ойлаймын. Әйтеуір, елдің бұл оқиғадан белгілі бір дәрежеде хабары бар. 14 ақпан күні түсте маған гүл дүкенінен хабарласып, атыма жеткізілім рәсімделгенін айтты. Мен кешкі сағат сегізге таман келетіндей уақытын келістім. Кешкі сағат тоғыздарға таман маған курьер келді. Мен оған кіреберістің есігін аштым, ол мен тұратын қабатқа көтерілді, содан соң пәтерімнің есігін аштым. Мен оған есік ашып, гүлді бұрышқа қоюын өтіндім, бұл — пәтерімнің ішіне қарай бары-жоғы екі-ақ қадам жер еді. Осыдан кейін ол маған қатысты жыныстық сипаттағы әрекетке барды. Осының бәрі қас-қағым сәтте болып өтті, мен оны қуып шықтым, сонда қаншалықты қатты қорыққанымды елестете де алмайсыз. Басымнан мұндай жағдай бірінші рет өтіп тұр. Өз пәтерімде өзімді қауіпсіз сезіне алмағаныма қатты ашуландым. Жағдай болғаннан кейінгі бойымдағы сезімдерден бастайын. Мен өзімді лас сезіндім. Өзімді қорланғандай сезіндім. Есікті жауып, жуынатын бөлмеге кіріп, іштен бекітіп алдым, маған ол есіктің артында тұрғандай болып көрінді. Душтың астында тұрып, бұл кірден еш арыла алмайтындай күй кештім. Сол сәтте маған дәл осы гүлді жіберген жігітке қоңырау шалдым. Оған көз жасыма ие бола алмай хабарластым, ол аң-таң болып қалды. Яғни, ол сөзіме сенбей: «Мені келемеждеп тұрсың ба?» — деп қайта сұрады. Мен «Жоқ» дедім. Ол бірден жетіп келді», — деді Маркиза.
Ары қарай Дарья Подгорная құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін тергеу қалай жүргенін баяндады. Айтуынша, өзімен жасты қызы бар полицей моральдық қолдау көрсеткен.
«Мен бірден «102» қызметіне қоңырау шалдым. Өйткені қазір әрекет етпесем, ертең ештеңе дәлелдей алмайтынымды түсіндім. Бастапқыда қоғамда үлкен резонанс тудырамын деген ойым болған жоқ. Тек бұл жағдайды жария етпесем, әділдікке қол жеткізе алмайтынымды ұқтым. Оның үстіне, өкінішке қарай, бізде солай... Адамды істеген әрекеті үшін жауапқа тартып, жазалау үшін мұны көпшілікке жария етуің керек. Бұл өте өкінішті. Инстаграмда, жалпы әлеуметтік желілерде осы жағдай туралы айту-айтпау төңірегінде ұзақ ойландым. Бұл батыл қадам болды деп есептеймін. Өзімді мақтан тұтамын. Бұған кез келген әйелдің батылы жете бермейтін еді, себебі хейттің үлкен толқынына тап болу — өте қорқынышты. Үнемі ерлер ынтымақтастығы болып, ер-азаматтардың бір-бірін кез келген жерде қорғап шығатынына үйреніп қалғанбыз ғой. Ал әйелдер тарапынан жазылған пікірлерді оқығанда, өте өкінішті әрі ауыр болды. Жұрттың неліктен олай жазғанын түсінемін, себебі ол әйелдер мұндай жағдайды басынан өткермеген. Жақын араласатындардың да, өзгелердің де басынан өтпеген, құдайға шүкір, олардың мұндайға тап болмағаны да дұрыс болған. Шын мәнінде, олардың мені түсінбегені, мұндай жағдаймен бетпе-бет келгенімді ұқпағаны дұрыс болды деп ойлаймын. Бастапқыда бұл іс қылмыстық іс болып тіркелуі тиіс еді, мен осыны талап еттім. Тергеушінің кабинетінде беттестіру болды. Мен әлі есімді жинай қоймаған едім, маған өте ауыр тиді. Бәріміз отырмыз, ол тергеушінің көзінше маған қарап, «мұндай ештеңе болған жоқ, сен өтірік айтып тұрсың» дейді. Мен сол кезде-ақ хейтке, «өтірік айтып тұрсың, бұл кезекті инфоповод» деген айыптауларға тап болған едім. Бұл — менің жаңалықтар порталына бірінші рет шығуым еді, оған дейін мені ешкім танымайтын. Ал ол болса маған «мен мұндай істеген жоқпын» деп тұр, содан мен байбалам сала бастадым. Мен тоқтай алмай жыладым, содан соң жасы 40-тардан асқан тергеуші оның сыртқа шығуын өтінді. Ол маған: «Тыңдашы, жыламашы, мен саған сенемін», — деді. Сол сәтте мүлде бейтаныс адамнан мұндай сөз есту мен үшін өте маңызды еді. Ол маған: «Менің де сенімен қатарлас қызым бар, егер ол сенің орныңда болса, маған қаншалықты ауыр тиетінін елестете де алмаймын», — деді. Өте ауыр болды», — деді бойжеткен.
Сондай-ақ, ол бұл оқиғаны жария етудің өзіне қандай кері әсері болғанын баяндады. Әсіресе, ер азаматтар оған теріс пікірлер жазған.
«Мен пікірлерді оқып, егіліп жылайтынмын, себебі тағы да жәбірленуші кінәлі болып шықты. Менің кешкен күйім... Түсінесіз бе, мен өзімді лас сезіндім, қоғам бізге соны таңады. Бейнебір мен отырмын да, басымнан балғамен ұрып: «Сен үндемеуің керек, есіңде болсын! Еркек саған тиіссе де, зорласа да, бұл — қалыпты жағдай. Сен өзіңді өзің бұзып отырсың», — деп айтып жатқандай сезімде болдым. Мен достарым тарапынан, таныстарым тарапынан сатқындықты сезіндім. Бір досыммен сөйлескенім есімде, ол маған қоңырау шалып: «Сен не істеп жүрсің? Не бүлдіріп жатсың?» — деді. Мен оған: «Сен маған неге мұндай ақымақ сұрақ қойып тұрсың?» — дедім. Ол маған: «Енді сен тұрмысқа шыға алмайсың ғой. Осыдан кейін сенімен кім араласады? Сен өзіңді өзің қаралап жатырсың ғой», — деді. Түсінесіз бе? Ер-азаматтардың 50 пайыздан астамы осылай ойлайды. Мені қолдағандар өте аз болды. Қазірге дейін бұл тақырып, әсіресе менің TikTok аккаунтымда өзекті болып тұр. Яғни, видео жүктесем, ол 2,5 миллион қаралым жинайды да, астында міндетті түрде «курьерге обал болды» деген пікірлер жазылады. Адамдар мен оны 7 жылға соттатып жібердім деп ойлайды, ал мен оны әкімшілік құқық бұзушылық бабы бойынша 7 тәулікке ғана қаматтым. Білесіз бе, осы жағдайдан кейін де мен жеткілікті түрде дәлелдер ұсындым. Сотта судья оны кінәлі деп таныды. Ол жанама түрде өз кінәсін мойындады, дәл сотта жауапкершіліктен қашып құтыла алмады, өте қатты уайымдады. Осының бәрінен кейін де бізде зомбылық көрсетуге қатысты заң енгізілген жоқ. Мен мұны қалай түсінерімді де білмеймін. Маған "директке" мен сияқты жағдайға тап болған әйелдерден хабарламалар түсетін. Біреуі маған: «Полиция басқармасына барып арыз жазған едім, менің арызымды қабылдамай қойды» деп жазады. Егер мемлекет, құқық қорғау органдары қорғамаса, онда әйелдерді кім қорғайды? Бастапқыда оған 7 тәулік қана бергеніне қатты ренжідім. Шынымды айтсам, өмірімде мұндай ызаға булыққан емеспін. Бұл өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірі болған шығар. Мен оның 7 жылға, 20 жылға сотталғанын қаладым, маңызды емес, бойымды «тіпті осы жерде де мен кінәлімін бе, тағы да әйел кінәлі ме?» деген әділетсіздік сезімімен қатар жайлаған жойқын ыза кернеп тұрды. Инстаграмдағы суреттерімді де бұрмалап алып кетті: «Міне, шомылу киімімен түсесің, міне саған қарымтасы» деген сияқты. Ешбір еркектің әйелге оның рұқсатынсыз тиісуге құқығы жоқ», — деп ауыр оқиғасын бөлісті Маркиза.
Соңғы жаңалықтар