«Күйеуім еркектік міндетін атқармайды». Уролог шағымдар туралы айтты

27.08.2026 22:59 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Күйеуім еркектік міндетін атқармайды». Уролог шағымдар туралы айтты
160
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Уролог Асхан Абзалбековтың айтуынша, Қазақстанда жастар арасында репродуктивті денсаулықтың нашарлауы мен бедеулік мәселесі жиілеп барады. Ал бұл жағдайға дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер мен энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну тікелей әсер етеді. Осы орайда тәжірибелі уролог Асхан Абзалбеков заманауи өмір салтының ағзаға тигізетін зардаптарын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Асхан Абзалбеков Аман Тасығанмен болған сұқбатта айтты. 

«Маған келетін көптеген пациенттің қолынан энергетикалық сусындарды жиі көрсеңіз болады. Олар таңертең су ішудің орнына күнді газдалған немесе энергетикалық сусындардан бастайды. Бұл өнімдер ағзаны мезгілінен бұрын, мәжбүрлі түрде оятады. Яғни ағза табиғи жолмен емес, сыртқы күштің ықпалымен оянғандықтан, бұл процестің кері салдары болады. Осындай импульстің салдарынан ағзаның бүкіл жүйесіне жауап беретін жасушалар тозады. Қазір байқасаңыз, жастардың бойы тез өсіп, ерте жетілгенімен, олардың ағзасы да тым ерте қартаяды. Қазіргі дамыған косметологияның арқасында сырт келбет қартаймауы мүмкін, бірақ ішкі ағза мүлде басқа күйде болады», – деді Асхан Абзалбеков.

Дәрігердің бақылауынша, ағзаның ерте қартаюы отбасын құрған жастардың бала сүю мүмкіндігін төмендетіп, әлеуметтік мәселелерге ұласуда.

«Бұрынғыдай 60, 80 немесе 90 жасында перзент сүйген ағаларымыз бен апаларымыз азайды. Бар, бірақ өте сирек. Ал қазіргі жастардың көбі 20-дан аса бере-ақ белгілі бір дерттерге шалдығып жатады. Отбасын құрғанмен, бала сүйе алмайды, бала болса да, оның денсаулығында кінәрат болады. Сондықтан отбасылық түсініспеушіліктер жиілеп, тағдырдың қиын кезеңдері көбейіп кетті», – деді маман.

Сондай-ақ маман өзінің көпжылдық тәжірибесінде кездескен ең жас пациенттің оқиғасын мысалға келтірді.

«Осы салада 17-18 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішіндегі тәжірибеде кездескен ең жас пациент 21 жаста болды. Ол 20 жасында отбасын құрған. 21 жасында отбасында ұрыс-керіс көбейген соң, бұл мәселені мойындағысы келмей, ақыры ата-анасы мен жұбайын ертіп алдыма келді. Сонда келіншегінің айтқан ең бірінші сөзі: «Күйеуім еркектік міндетін атқара алмайды. Бала тумайсың деп мені кінәлай бересіздер, бірақ бала болу үшін тиісті әрекет жасалуы керек қой», – болды. Яғни 21 жастағы азаматта еркектік қабілет мүлде жоғалған. Бұндай ауыр жағдайлар сирек кездескенімен, есте қатты сақталып қалады», – деді уролог.

Войдите, чтобы оставить комментарий