Лавров Тоқаевпен келіспейтінін ашық мәлімдеді

Лавров Тоқаевпен келіспейтінін ашық мәлімдеді
15.04.2025 15:39
0
1427
Коллаж POLITICO.KZ
Ресей СІМ басшысы Тоқаевтың мәлімдемесін сынға алды

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттердің аумақтық тұтастығы туралы пікірімен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Лавровтың сөзінше, ол Тоқаевтың Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында 2022 жылы жасаған мәлімдемесін есінде сақтаған. Қазақстан басшысы сол кезде:

«Егер ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы жүзеге асырылса, қазіргі 193 мемлекеттің орнына әлемде 500-600 мемлекет пайда болып, хаос орнайды», – деген болатын.

«Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол сөзін есіме түсіріп отырмын. Бірақ мен онымен келіспеймін. Біз кейін қазақстандық достарымызға өз ұстанымымызды түсіндірдік. Тоқаев үшін тек аумақтық тұтастық құқығы ғана бар. Бірақ мен тағы да қайталап айтамын: Егер сіз БҰҰ мүшесі болсаңыз, онда оның жарғысын толық құрметтеуіңіз керек. Мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, сол мемлекеттердің үкіметтері сол жерде тұратын барлық халықтарды толықтай өкілдік етсе ғана құрметтеледі», – деді Сергей Лавров «Коммерсантъ» басылымына берген сұхбатында.

Ресей министрі бұл қағиданың Қазақстан немесе Ресейге қаншалықты қатысы барын нақтыламады. Еске сала кетейік, Қазақстанда кемінде 124 этнос өкілдері, ал Ресейде 160-қа жуық ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр.

Жақында Алматыға келген сапарында Сергей Лавров мұндай өткір мәлімдемелер жасаған жоқ, керісінше, Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Тоқаевтың Мәскеуге жасайтын сапарына дайындық барысын қарастырған еді. Сондай-ақ Ресейдің Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясына қатысу мүмкіндігі сөз болды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий