Астанада ЛГБТ насихатының балаларға әсері туралы зерттеу нәтижесі жарияланды

Астанада ЛГБТ насихатының балаларға әсері туралы зерттеу нәтижесі жарияланды
30.07.2025 16:26
0
138
Сурет: Ұлттық өркендеуге жәрдемдесу қоры

Бүгін Астанада ғылыми және сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен ЛГБТ насихатының кәмелетке толмаған азаматтарға әсері туралы зерттеу қорытындылары жария болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ

Бүгінде әлем бойынша дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, жаңа коммуникациялық арналар кең өріс алып келеді. Зерттеулер көрсеткендей, адамдар күнінің үштен екі бөлігін интернетте өткізеді.

Өз көзқарасын енді ғана қалыптастырып жатқан балалар үшін интернет басты ақпарат көзіне айналған. Олар әлеуметтік желі арқылы түрлі көзқарастармен, соның ішінде жыныстық сәйкестік пен әлеуметтік мінез-құлық үлгілері туралы контентпен жиі ұшырасады. Бұл, өз кезегінде, олардың дүниетанымына теріс әсер етіп, этикалық ұстанымдардың бұрмалануына әкелуі мүмкін.

Мұндай үрдістер отбасы институтына сызат түсіріп, тұтас ұлттың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі ықтимал.

Мысалы, Ұлттың өркендеуіне қолдау қорының дерегінше, сұралғандардың 63,7%-ы ЛГБТ жайлы ақпаратты тікелей әлеуметтік желілерден алады. 29 жасқа дейінгілер арасында бұл көрсеткіш 73,2%-ға жетеді.

Ақпарат ағыны бақылаусыз жағдайда өскелең ұрпақтың медиатүсінігіне кері әсер етеді. Нәтижесінде жасөспірімдер дәстүрлі нормаларға күмәнмен қарап, әлеуметтік бағдарын жоғалтып, сыртқы ортамен конструктивті байланыс орната алмай қалады. Мұның соңы жыныстық ауытқушылыққа ұласуы мүмкін.

Осыған байланысты, жастарды бұзушы идеялардан қорғау үшін қауіпсіз әрі салауатты цифрлық орта қалыптастыру аса маңызды.

Әлеуметтік желі жаңа құндылықтарды қалыптастыратын құрал

Әлеуметтік желілердің таралуымен қатар, зиянды контенттің - порнография, қатыгездік көріністері мен дәстүрден тыс қатынастарды дәріптеудің де ауқымы артты.

Сондықтан әлем елдері болашақ ұрпағын қорғауға тырысып, сырттан келген бөтен мінез-құлық үлгілеріне қарсы шаралар қабылдауда.

Польша, Литва, Венгрия, Қырғызстан және Грузия сынды елдерде ЛГБТ насихатын шектеуге бағытталған заң жобалары қарастырылған.

Қазақстан да осы бағытты ұстанып отыр. Стратегия қорының мәліметінше, респонденттердің 84,2%-ы дәстүрлі құндылықтарды қорғау бойынша мемлекет тарапынан жасалып жатқан қадамдарды қолдайды. 67,3%-ы ЛГБТ насихатын заң жүзінде шектеуді жөн санаса, 79,8%-ы мұндай үгіттің жастарға қатер төндіретініне сенімді.

Сауалнама нәтижелері ата-аналардың алаңдауына негіз бар екенін көрсетеді: жартысынан көбі ЛГБТ-ны насихаттау жасөспірімдердің психикалық және физикалық дамуына кері әсер етеді деп есептейді. Сондай-ақ, қоғам мүшелері туу көрсеткішінің төмендеуі мен отбасы институтының әлсіреуі 42,8%, жыныстық жолмен жұғатын аурулар қаупі 37,2% сияқты мәселелерге де алаңдаулы.

Қауіпсіз цифрлық кеңістік құрудың маңызы

ЛГБТ тақырыбы тек бір бөлігі ғана, жалпы мәселе - балаларға арналған қауіпсіз интернет кеңістігін қалыптастыру.

Қазіргі таңда кибербуллинг, ақпараттық шабуыл, жаңа типтегі киберқылмыстар секілді қауіптер өршіп тұр. Мұндай жағдайда жүйелі түрде балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар қажет.

2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ЮНИСЕФ бірлесіп жүргізген «Kazakhstan Kids Online» зерттеуінің нәтижесінде балалардың интернет кеңістігінде түрлі қатерге тап болатыны анықталды:

  • Әрбір оныншы бала интернеттегі кейбір нәрселердің оларды мазалайтынын айтқан.
  • 11,1%-ы өз фотосын бейтаныс адамдарға жіберген.
  • 11,7% жыныстық сипаттағы контентті көргенін мойындаған.
  • 7,1% соңғы бір жыл ішінде сексуалдық сипаттағы хабарлама алған.
  • 3% жыныстық фото/видео үшін сыйлық немесе ақша ұсынылғанын айтқан.
  • 1,8% бопсалауға ұшыраған.

Мұның бәрі баланың ақпараттық әлемде қорғансыз екенінің көрінісі.

Оған қоса, ата-аналардың жауапкершілігі де өз деңгейінде емес: 21% ата-ана төрт жастағы баласына жеке гаджет алып береді, ал 62% экран алдында өткізетін уақытты еш шектемейді.

Бүгінгі таңда балалардың 74%-ы TikTok, 59%-ы YouTube, 57%-ы Instagram қолданады. Алайда олар білім емес, мазмұн жағынан агрессивті, хаосты, мән-мағынасыз brainrot деп аталатын видеолар мен мемдерге көбірек ден қояды. Бұл ойды тұмандатып, логика орнына эмоцияны басшылыққа алуға итермелейді.

Сондықтан мемлекет нақты бағдар беруі тиіс: еркіндік пен деструктивтің ара-жігін ажыратып үйретуі керек. Бұл тыйым салу емес - сауатты, салмақты ақпараттық саясат.

ЛГБТ тақырыбындағы контент пен жасөспірімдердің өзін-өзі тануы

Ұлттың өркендеуіне қолдау қорының зерттеуі ЛГБТ тақырыбындағы ақпараттың балалар психикасына әсерін жан-жақты сараптаған.

Мамандардың айтуынша, мұндай мазмұнды жиі тұтынатын жасөспірімдер арасында гендерлік немесе жыныстық өзіндік тану тұрғысынан шатасу, үрей, күйзеліс жиі кездеседі. Цифрлық кеңістіктегі ақпарат жасөспірімнің көзқарасына ықпал етіп, олардың көзқарасын қалыптастыруда негізгі факторға айналып отыр.

Мазмұн жасы мен психологиясы ескерілмеген аудиторияға арналса, ол жастардың жеке басының дамуына теріс әсер етеді. Балаларға арналған мультфильм, кітап, сериалдар арқылы дәстүрлі емес қатынастарды қалыпты жайт ретінде көрсету олардың санасында тұрақсыздық туғызуы мүмкін.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Н.Б. Есімовтің айтуынша, мұндай идеологиялық қысым келесі мәселелерге соқтыруы мүмкін:

  • тұрақты мазасыздық пен сенімсіздік,
  • эмоциялық тұрақсыздық,
  • жалғыздық пен оқшаулану сезімі,
  • өзін өзі танудағы қиындықтар.

Ал Қор басшысы У.А. Сүлеймен кәмелетке толмағандарды психикалық және физикалық тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар керек екенін айтады. Оның ішінде заңнамалық шектеулер де бар.

Стратегия қорының әлеуметтік сауалнамасы

Стратегия қоры 2,5 мың адам арасында жүргізген сауалнамада қазақстандықтардың отбасы мен ЛГБТ мәселесіне көзқарасы зерттелді.

Жаһандық идеологиялар мен жаңа моральдық ұғымдар ақпараттық арналар арқылы кең тарап жатса да, қоғам дәстүрлі отбасы ұғымын берік ұстанып келеді. 77,2% азамат ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі моральға сай болу керек дейді.

Сауалнамаға қатысқандардың 70%-ы ЛГБТ насихаты жас ұрпақ үшін қауіпті деп есептейді. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий