Қазақстан NVIDIA басшысын «Достықпен» қарсы алды
Қазақстанға алғаш рет келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Ақордадан жоғары мемлекеттік марапат алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ал америкалық технология алыбының жетекшісі Қазақстанды жасанды интеллектінің әлемдік орталықтарының біріне айналдыруды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz Ақордаға сілтемемен.
Ақордада өткен кездесуде Тоқаев NVIDIA компаниясымен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін маңызды екенін айтты. Президенттің сөзінше, елде жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріліп отыр. Биылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да осы мақсатпен байланысты.
– NVIDIA компаниясымен ықпалдастыққа соны серпін беру тұрғысынан сапарыңыздың мәні зор. Серіктестігімізді нығайту жолындағы және Қазақстанның игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде NVIDIA мен Higgsfield компанияларының әріптестігі де сөз болды. Тоқаев NVIDIA-ның қазақстандық технологиялық жобаларға қатысуын қолдайтынын жеткізді.
Ал Дженсен Хуанг Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы мүмкіндігін жоғары бағалады. Оның пікірінше, елде бұл бағытты дамытуға қажет негізгі алғышарттар бар. Ол Қазақстанды физикалық жасанды интеллект (Physical AI) саласындағы әлемдік орталыққа айналдыруды ұсынды.
– Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті, – деді Дженсен Хуанг.
NVIDIA басшысы Қазақстанмен байланыс кейінгі бір жылда айтарлықтай нығайғанын да айтты. Компания қазақстандық Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелекоммен» серіктестік орната бастаған. Сондай-ақ әлемдік технология нарығында танылған Higgsfield жобасына қолдау көрсетіп отыр.
– Соңғы жылы өзара қарым-қатынасымыз өте нәтижелі болды. Біз қазақстандық, соның ішінде Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» компанияларымен серіктестік байланыстарды дамыта бастадық. Сонымен бірге Қазақстанның алғашқы технологиялық сыңармүйізі саналатын Higgsfield компаниясына қолдау көрсетеміз. Бұл жоба жаһандық технологиялық экожүйеде ойып тұрып орын алды. Бірге атқарған жұмыстарымызға дән ризамын. Бұл біз еңсеретін жолдың басы ғана. Еліңіздің компаниямызбен ынтымақтастық орнатқанына қуанамын, – деді компания жетекшісі.
Айта кетейік, NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. 23 қазанда ол Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен кездесті.
Астанада сөйлеген сөзінде Хуанг Қазақстанға қатысты тағы бір жайтты ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өзі барған мемлекеттердің ішінде президенті жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық деп жариялаған алғашқы ел – Қазақстан.
Сапар барысында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жайы талқыланса, Ақордадағы кездесудің соңында Тоқаев Дженсен Хуангты Қазақстанда осы саланың дамуына қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Соңғы жаңалықтар