Логопед: Баланы 2 жастан бастап мектепке дайындауымыз керек

04.09.2026 16:26 Томирис САҒЫНДЫҚ
Логопед: Баланы 2 жастан бастап мектепке дайындауымыз керек
115
Фото: видеодан скриншот

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру және жалпы білім беретін мектеп ортасына бейімдеу мәселесі өзекті болып отыр. Мамандардың айтуынша, дамуында кешігуі немесе арнайы диагнозы бар балаларға уақытылы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету олардың болашақта білім алу мүмкіндігін арттырады. Осы орайда логопед-дефектолог, Soileu ortalygy түзете-дамыту орталығының негізін қалаушы Гүлсара Орынғалиева ерекше балаларды мектепке дайындау тәжірибесін және бұл саладағы негізгі мәселелерді бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы логопед журналист Айгерім Сейфоллаға берген сұқбатында әңгімеледі. 

Орталық жетекшісінің айтуынша, арнайы түзету жұмыстарынан кейін балалардың жалпы білім беру жүйесіне өту көрсеткіші артып келеді.

«Қазіргі таңда, биыл өзіміздің орталығымыздан 17 баланы мектепке жібердік. Әрине, ол балалардың ішінде, мысалы, үйде оқитын балалар бар. Бірақ ол балаларға максималды түрде коррекция жасап, оларды осы арнайы білім беретін коррекциялық мектептерге жібердік. Одан кейін ЗПР диагнозы қойылған балалар бар. Бұған дейін мұндай балалар тек коррекциялық мектепке ғана жарайды делінсе, біз оларды инклюзивті сыныптарға жолдап жатырмыз. Сонымен қатар, соңғы оқушыларымыздың бірін кәдімгі жалпы білім беретін мектепке жібердік», — деді Гүлсара Орынғалиева.

Дегенмен, салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Соның бірі — ата-аналардың мамандарға кеш жүгінуі және баланы мектеп жасына дейін уақытылы дайындамауы.

«Негізі қазіргі таңда балалардың барлығы дерлік мектепке дайын деп айта алмаймыз. Себебі көптеген ата-ана кешігіп келіп жатады. Мысалы, 5 жаста келіп: «Біз мектепке баруымыз керек, 6 немесе 7 жасында мектепке береміз», — дейді. Бірақ, өкінішке орай, егер тиісті түрде коррекция жасалмаса, біз оларды мектепке жібере алмаймыз. Тіпті ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) жолдамасымен барғанның өзінде де, 1-сыныпта 3 реттен оқитын балалар кездеседі», — деді логопед.

Маман дамуында ерекшелігі бар балаларға ерте жастан, яғни 2 жастан бастап қолдау көрсету қажеттілігін алға тартады. Мұндағы басты мақсат — академиялық білім беру емес, базалық тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру.

«Бұл сөздер қазір көптеген ата-аналарға жағымсыз естілуі мүмкін. Бірақ баланың дамуындағы ауытқуды қай жаста анықтасақ та — ол 1 жас болсын, 2 жас болсын — бірден баланың алдына «мектепке барады» деген үлкен мақсат қоюымыз керек. Балаға қандай деңгейдегі диагноз қойылса да — аутизм, ЗПР, ЗПРР немесе зейін бұзылысы болсын, бәрібір 2 жастан бастап дайындауымыз керек деп есептеймін. Егер балалардың қарқынды дамуын бұрынғымен салыстырсақ, қазіргі сапа әлдеқайда жоғары. Сол себепті де қазіргі ата-аналар өз балаларына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осылайша, 2 жастан бастап дайындайтын ата-аналар бар. Әрине, 2 жастан дайындау деген сөз баланы партаға отырғызып қою емес. Бұл — баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу, өзіндік және өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ таймермен жұмыс істеу, күту, кезек күту сияқты дағдыларға қазірден бастап баулу», — деді маман.

Баланы мектепке орналастырумен түзету жұмыстары аяқталмайды. Оқу бағдарламасының күрделілігіне және баланың когнитивті ерекшеліктеріне байланысты қолдау шаралары үздіксіз жүргізілуі тиіс.

«Біз үшін бұл — үлкен жетістік. Түсінген адамға бұл — шынымен де үлкен нәтиже. Әрине, біз балаларды мектепке жібереміз, бірақ ол жақта үлкен орта бар. Ары қарай барлық жауапкершілікті ұстаздар мен мұғалімдерге артамыз. Алайда сыныпта балаға арналып берілген бағдарлама көп жағдайда баланың деңгейіне сәйкес келе бермейді. Баланы қаншалықты мектеп жасына немесе дамыту орталығына дайындап берсек те, оқу бағдарламасын толық алып кете алмайтын балалар болады. Яғни, бала мектепке барып, білім деңгейін белгілі бір мөлшерде көрсеткенімен, әлі де есеп шығара алмайтын, жаза алмайтын немесе жазғанды тек көшіріп қана қоятын жағдайлар кездеседі. Бұл балаға қойылған диагнозға байланысты. Бұл жерде сөз жай ғана ауытқу емес, нақты диагнозы бар балалар туралы болып отыр. Мысалы, интеллект бұзылысы бар балалар мектепке барғаннан кейін, олар керемет есеп шығарып кетеді деп айта алмаймыз. Өйткені мұнда когнитивті бұзылыстар болады. Когнитивті бұзылыс дегеніміз — ең алдымен баланың есте сақтау, жад және еске түсіру процестерінің тежелуі. Сондықтан мектеп тарапынан да, біздің тарапымыздан да коррекциялық жұмыстар үздіксіз жалғаса береді. Мектепке жібергенімізбен, бізде коррекция әлі күнге дейін тоқтаған емес. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз — баланың ортаға және қоғамға қосылуы, дос табуы, өзіне-өзі қызмет етуі. Әзілдеп айтқанда, болашақта үйлендіріп, үйді-үй етіп, университет пен колледжге түсіру ғой, бұйырса», — деді логопед.

Войдите, чтобы оставить комментарий