Макрон бүгін халыққа маңызды үндеу жасайды

Франция президенті Эммануэль Макрон елдегі және әлемдегі күрделі жағдайларға байланысты халыққа төтенше үндеу жасайтынын жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ «Х» әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесіне сілтеме жасап.
«Қымбатты отандастарым! Бұл үлкен белгісіздік кезеңі, әлем ең үлкен сынақтарға тап болып отыр. Осыған байланысты мен бүгін сағат 20:00-де сіздерге үндеу жасаймын», – деп жазды Макрон.
Макронның нақты қандай тақырыптарды қозғайтыны ресми түрде хабарланбаған. Алайда, «Еуропалық шындық» басылымының мәліметінше, бұл үндеу Еуроодақ саммитінің алдында жасалып отыр. Саммит барысында Украинаға қолдау көрсету және Еуропаның қорғаныс қабілетін арттыру мәселелері талқыланбақ.
Сарапшылардың пікірінше, Франция президенті ЕО-ның болашақтағы сыртқы саясаты, Украинаға көмектің жалғасуы және Еуропаның әскери әлеуетін нығайту туралы маңызды мәлімдемелер жасауы мүмкін.
Францияда және Еуропада бұл мәлімдеменің айтарлықтай маңызы бар, себебі соңғы айларда ЕО-дағы қауіпсіздік мәселелері күрделене түсті. Сонымен қатар, Макрон Францияның Еуропадағы көшбасшылығы мен қорғаныс саясатындағы рөлін айқындауы мүмкін.
Франция президентінің үндеуін бүгін жергілікті уақытпен 20:00-де тікелей эфирде тамашалауға болады.
Соңғы жаңалықтар





