Маңғыстауда 20 жастағы сарбаздың өліміне себепкер болған бөлімше басшысы сотталды

04.04.2026 12:20 Арман Ермеков
Маңғыстауда 20 жастағы сарбаздың өліміне себепкер болған бөлімше басшысы сотталды
452

Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бөлімшесінің бастығы Қуаныш Асу 20 жастағы сарбаз Еркебұлан Сағындықтың өліміне кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 2025 жылдың 6 қазанында болған. Бөлімше басшысы істен шыққан дизель агрегатын тазалауды екі сарбазға тапсырады. Кешкі сағат 19:40 шамасында қауіпсіздік ережелерін сақтамай, жарықсыз әрі арнайы құралдарсыз бензинмен тазалау туралы бұйрық берген. Қоймаға екі канистрмен кірген қатардағы жауынгер Еркебұлан Сағындық бензин буына уланып, есінен танып қалады. Ол сол күйде 20 минут жатқан. Кейін оны байқаған екінші сарбаз басқа әскерилерді көмекке шақырған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, жауынгер есін жимастан көз жұмды.

Офицерге ауыр салдарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау бабы бойынша айып тағылды. Сот оның техниканың бұзылғанын және жұмыстың түнде, тиісті жабдықсыз жүргізілгенін біле тұра заңсыз бұйрық бергенін анықтады. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, сарбаздың өліміне жауапты екенін жоққа шығарған жоқ. Ол соттан өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Қайтыс болған жауынгердің анасы да сотталушының ата-анасы кешірім сұрап, материалдық көмек көрсеткенін айтып, оған жеңіл жаза тағайындауды өтінді.

26 наурызда Ақтөбе қаласының соты Қуаныш Асуды кінәлі деп тауып, екі жылға соттады. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Сондай-ақ, сот үкімімен ол марқұмның анасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий