Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: Полиция фейк ақпарат таратқандарды жауапқа тартты

29.09.2026 • 19:17 Қанат АЙБАР
Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: Полиция фейк ақпарат таратқандарды жауапқа тартты
155
Ашық дереккөздерден

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында болған төтенше жағдайға қатысты шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан тұлғаларды анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Facebook әлеуметтік желісінде Д.С. және Г.С. есімді азаматтар әскери қызметші А.А. туралы жалған мәлімет жариялаған. Олардың жазбасында әскери қызметшінің суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, өзі жағаға аман шыққаны, алайда оның бұл «ерлігі қасақана жасырылып отырғаны» айтылған.

Тексеру кезінде Д.С.-ның бұл ақпаратты алыс туыстарынан алғаны, ал Г.С.-ның желідегі дайын мәліметті тексерместен бөліскені анықталды.

ҚР Қорғаныс министрлігі аталған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, әскери қызметші А.А. оқу-жаттығу жоспарына сай жағалауда болып, жүктелген міндеттерді орындаған. Онымен бірге жанында мерзімді әскери қызметтегі матрос М.Ә. болған. Қазіргі уақытта екі әскери қызметші де аман-есен, әскери бөлімде өз қызметтерін жалғастыруда.

Сонымен қатар, оқиғаға қатысты басқа да жалған деректер таратқан Шымкент қаласының тұрғыны С.К. және Көкшетау қаласының тұрғыны К.О. анықталды:

С.К. тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны туралы фейк таратып, оның туыстарына қысым көрсетіліп, ақша талап етіліп жатқанын айтқан;

К.О. Маңғыстауда тағы бір әскери қызметші көз жұмды деген жалған хабарлама жариялаған.

Сот шешімімен аталған тұлғалардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Құқық қорғау органдары бөгде дереккөздерге немесе туыстардың сөзіне сілтеме жасау, сондай-ақ біреудің материалын қайта жариялау (репост) жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді. Полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырады.

Войдите, чтобы оставить комментарий