Марат Қойлыбай: Бізде кейбір депутаттар өзінің не істеп жүргенін түсінбейді
Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Марат Қойлыбай халық қалаулыларына жүктелген зор жауапкершілік пен аманат жүгін сезіну төңірегінде сөз қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Ербол Сейілханға берген сұқбатында айтты.
«Ортамызда кейбір әріптестеріміздің жүріс-тұрысына қарның ашады. Оны жасырмай, ашық айтамын. Не үшін жүргенін, не істеп жүргенін өздері де толық түсінбейтін сияқты. Бұл, шынында, ұят нәрсе. Ол орынға сәндену үшін, «облыстық немесе қалалық мәслихаттың депутатымын» деп жиын-тойда бой көрсетіп, арзан бедел жинау үшін барудың еш керегі жоқ. Елге де, өзіңе де пайдасы тимейтін құр атақтан не қайыр?» — деп өкініш білдірді Марат Қойлыбай.
Депутат бойындағы жауапкершілік пен адалдықтың негізі ата-ана тәрбиесінде жатқанын алға тартып, әкесінің адал еңбегін өмірлік өнеге ретінде мысалға келтірді.
«Мен 19 жасымда-ақ адам өмірі мен өлімінің арасындағы таразыланған үлкен жауапкершілікті сезініп өстім. Кезінде марқұм әкем ауылда трактор айдап, кейін адал еңбегімен мал бақты. Бір отар мүйізді ірі қараны баққанда: «Шетінен бір де бір мал пойыздың астына түсіп өліп кетпесін, еліме шығын келтірмейін» деп, таңның атысынан кештің батысына дейін зор жауапкершілікпен еңбек ететін. Осындай адал тәрбие берген әке-анама, өскен ұям мен отбасыма басымды иемін. Сондай тәрбиені көріп өскендіктен, маған сенім артқан қалың бұқараның, елдің аманатын арқалау — мен үшін ең биік борыш. Әйтпесе, ертең артымда қалған ұрпағыма қандай өнеге қалдырамын? Кезінде соғысты көрген әкелерімізді мақтан ететін едік, ал ертең біз үшін «депутат болып елге қандай пайдам тиді?» деген сөз ерсе, бұл — үлкен өкініш. Қазір осы халық берген мандатпен отырғанымызға үш жарым жылдай уақыт болыпты. Әрі қарай қанша уақытымыз бар екенін бір Алла біледі, өйткені бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Бірақ осы берілген уақыт ішінде депутат ретінде, азамат ретінде, осы елдің тумасы әрі қазақтың қарапайым бір перзенті ретінде ел үшін не бітірдің? Мені толғандыратын басты мәселе — осы», деді мәслихат депутаты.
Соңғы жаңалықтар