Маркиза: Басында Еркебұлан Тоқтардың кім екенін де білмедім
Маркиза бүркеншік есімімен танымал Дарья Подгорная спортшы Еркебұлан Тоқтармен таныстығы, қарым-қатынастарының қалай өрбігені және желіде тараған кездейсоқ суреттерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол TalkLike подкастында әңгімеледі.
Дарья Подгорнаяның айтуынша, олардың қарым-қатынасы осыдан алты ай бұрын Instagram желісінде басталған. Бойжеткен бұл байланыстың пиар немесе медиа жоба еместігін, арада шынайы сезім бар екенін атап өтті.
«Арамыздағы қарым-қатынас осыдан алты ай бұрын басталды. Ол маған Instagram желісінде бірінші болып жазды. Өзім бірінші болып ешқашан жазбаймын! Бірақ бұл ешқандай хайп емес. Мен оның қандай да бір жобасының бөлшегі емеспін. Біздің арамызда шынайы да таза сезім, шынайы қарым-қатынас бар. Бәрін ең басынан айтып берейін. Ол маған осыдан жарты жыл бұрын Instagram-да жазып, гүл жіберді. Мен жауап берген жоқпын. Келесіде ол: «Тым болмаса гүлдің ұнаған-ұнамағанын айтсаңшы?» — деп жазыпты. Ол кезде сырқаттанып жүргендіктен, ешқандай көңіл-күйім де болған жоқ. «Жаман емес. Әдемі гүлдер екен, рақмет», — деп қысқа қайырдым. Шыны керек, ол кезде оның кім екенінен мүлде хабарсыз едім. Еркебұлан Тоқтар дегеннің кім екенін де білмейтінмін. Ол маған тіркелген соң парақшасына кіріп көріп, 2,5 миллион оқырманы қайдан жүргенін түсінбей таңғалдым. Өзіне де жасырмай: «Соншалықты танымал болатындай, сен өзі кімсің?» — деп төтесінен қойдым. Оның қатты қысылғаны есімде. Маған дыбыстық хабарлама жіберіп: «Шынымен бе? Сенің мені танымайтыныңа таңғалып тұрмын», — деді. Мен оған танымайтынымды айттым», — деді Дарья Подгорная.
Актер тарапынан кездесуге бірнеше мәрте ұсыныс түсіп, соңында бойжеткеннің ұйықтап қалуына байланысты алғашқы жүздесу кейінге қалған.
«Арамызда бірден шүйіркелескен әңгіме өрби қойған жоқ, бірақ ол мені кездесуге шақырды. Мен бас тарттым. «Әуелі маған көңіл бөліп, жүрегімді жаулап алуға тырыс. Ал мен сенің әрекеттеріңе қарап көрейін. Бәлкім, содан кейін ғана кездесуге келісермін», — дедім. Ол: «Қалай көңіл бөлуім керек? Маған жолын айтып, бағыт берші», — деді. Мен: «Саған оны үйретуге міндетті емеспін. Есі кірген ер азаматсың ғой, өзің де түсінерсің», — дедім. Осымен диалогымыз аяқталды. Осыдан кейін ол маған жазылуды тоқтатып, мені де өз оқырмандарының қатарынан өшіріп тастапты. Өкпелеп, енді қайтып кездесуге шақырмаймын деп ойласа керек. Бірақ осыдан үш ай бұрын ол маған қайтадан тіркеліп, қайта жазды: «Бәлкім, бәрібір де кездесерміз?» — деді. Мен келісе салдым. Алғашқыда көңіл-күйім болмай, кездесуге мұршам болмаған еді. Бұл жолы: «Жарайды, жүрегімді жаулап алуға мүмкіндік берейін», — деп шештім. Ол жазды, мен келістім... бірақ кездесуге ұйықтап қалыппын! Кешкі сағат беске келіскен едік, ол мені күтіп отырғанда, мен күні бойы ұйықтаппын. Оған: «Кешірші, мен ұйықтап қалыппын», — деп жаздым. Ол ашуланды, бұл қылығым мүлде ұнаған жоқ. «Ертең кездесейік», — деп едім, ертеңінде өзінің қолы тимейтінін айтты. Мен: «Жарайды онда, келесі жолға қалсын», — дедім. Арада бір апта өткенде ол қайтадан: «Үшінші мүмкіндік берші, тағы да көрейік», — деп жазды. Мен мақұл дедім», — деді Маркиза.
Сонымен қатар Дарья алғашқы ресми кездесудің қалай өткенін және ғаламторда тарап кеткен суреттерге қатысты пікірін бөлісті. Оның сөзінше, бұл жағдай жоспарланбаған әрі жеке өмірін көпшілікке жария етуді қаламайды.
«Сонымен не керек, барлық ережеге сай нағыз романтикалық кездесу болды. Мен көйлегімді киіп, сәнденіп бардым. Төтенше бірдеңе күткенім де жоқ. Маған ол өзін тым жоғары ұстайтын азамат болып көрінетін. Арамызда сезім пайда болады деп ойлаған жоқпын, жай барып, көңіл сергітіп қайтайыншы деген ойда болдым. Ол келген бойда өзін өте мәдениетті, ізетті қырынан көрсетті: көліктің есігін ашып, алдыма майлық төсеп, тамағымды да, сусынымды да алдыма тосты. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Себебі оны бұлай болады деп күтпеген едім. Негізі ол туралы түсінігім мүлде жоқ еді, Instagram парақшасын шолып шыққаным болмаса. Ол өте шынайы кездесу болды. Балалық пәк сезімдер оянып, жүрегім тулап, ерекше күй кештім. Мен ғашық болып қалдым. Ол да мені ұнатып қалды. Екеуіміз бір-бірімізден айырыла алмай, сағаттап сөйлестік. Біз бірге 8 сағат уақыт өткізіппіз. Ол мені таңға жуық бірақ үйге жеткізді. Қала аралап серуендедік, ол мені өзінің бургер сататын орнына апарып, бургер берді. Өте романтикалық сәт еді. Әрі қарай не болды дейсіз ғой? Біз тұрақты түрде араласа бастадық. Күнделікті қайырлы таң тілеу, күн сайынғы кездесулер... Шаршап тұрған күннің өзінде де, жалғыз болғанша, соның қасында болуды қалайтынмын. Үйде отырғанды өте жақсы көрсем де, оны үнемі көріп тұрғым келетін. Маған онымен өткізген уақыт әрдайым аз сияқты болып көрінетін, әрі бұл сезімнің екеуімізге де ортақ екенін сездім. Ол – ғажайып азамат. Ол мен үшін шынайы мейірімділіктің бейнесі сияқты. Оның оқырмандары оның қарым-қатынаста қандай екенін білмейтін шығар, бірақ маған деген қарым-қатынасында ол мінсіз. Ал әлгі суреттерге келетін болсақ... Бізді суретке түсіріп алғаны мүлде жоспарланбаған, кездейсоқ оқиға болды. Бұған дейін де біз үнемі адам көп жерлерде жүретінбіз. Ал дәл суретке түсіріп алған күні біз түскі ас ішуге бар болғаны бір сағатқа ғана жолыққан едік: ол жұмыстан кейін, мен жаттығудан соң келдім. Маған бұл жағдай мүлде ұнаған жоқ, қатты ренжідім. Ал оған, керісінше, ұнап, қалжыңдап, бәрін қызық көрді. Мен оған бірден көңілім толмай тұрғанын айттым. Себебі мен жеке өмірімді көпшіліктің талқысына салғым келмейді. Мен үшін бұл – өте ыстық, тек өзіме ғана тиесілі әлем. Еркебұлан мен үшін Instagram-да оқырман жинайтын хайптың көзі емес еді. Мен оны нағыз ер азамат ретінде көрдім, ол мен үшін жай ғана блогер немесе жас бала емес, тұлға ретінде маңызды болды. Содан соң оған: «Маған бұл ұнамайды. Сенің атыңды жамылып хайп жасағым да, арамыздағыны елге жайғым да келмейді», — дедім. Ол мені сабама түсірді. Келесіде демалысқа ұшқанымызда, бұл жағдайды аздап қабылдап, оқырмандардың жазбаларына, түрлі оқиғаларға күліп қана қарайтын болдық», — деді Дарья Подгорная.
Дарья Подгорная (Маркиза) — блогер және модель. Ол 2023 жылы «Қазақстан аруы» байқауына қатысып, Алматы қаласының намысын қорғаған. Бойжеткеннің психология саласы бойынша екі жоғары білімі бар. Сонымен қатар актерлік шеберлікпен, кәсіби ән айтумен және фортепианода ойнаумен айналысады. Әрі күштік жаттығуларды, атқа мінгенді және гольф ойнағанды жаны сүйеді.
Соңғы жаңалықтар