Марқұм Нұрайдың ағасы күдіктіден не үшін 10 млрд теңге талап еткенін түсіндірді
Шымкентте адам қолынан ажал құшқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдікті тараптан не себепті 10 млрд теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткендерін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның сөзінше, бұл соманың белгіленуіне екі себеп бар. Бірі – заң тұрғысындағы талап болса, екіншісі – моральдық жауапкершілік мәселесі.
«Неліктен 10 млрд теңге талап еттік? Мұның екі себебі бар. Біріншісі – заң тұрғысынан. Сотталушы келтірілген шығынды өтемейінше, жазасын жеңілдетуге немесе шартты жазаға ілігуге мүмкіндік болмауы керек деп есептейміз. Яғни бұл соманы өтеу міндеті оның мойнында өмір бойы қалуы тиіс. Екіншіден, сот нақты қандай көлемде өтемақы тағайындайтынын өзі шешеді. Ал жәбірленуші тарап қанша соманы талап ететінін өзі белгілейді. Сондықтан біз өзіміз дұрыс деп санаған соманы көрсеттік», – деді Сұлтан Серікбай.
Марқұмның ағасы Нұрайдың өмірін ешқандай ақшаға бағалау мүмкін емес екенін атап өтті.
«Күдікті әлемдегі барлық ақшаны жинап әкелсе де, Нұрайдың орнын толтыра алмайды. Өйткені адам өмірінің құны ақшамен өлшенбейді», – деді ол.
Сұлтан Серікбайдың айтуынша, сот моральдық өтемақы өндіру туралы талапты қанағаттандырған жағдайда, қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.
«Егер біз Нұрайдың жоқтығымен сыналатын болсақ, сотталушы да ақшамен жауап беруі керек деп ойлаймыз. Өндірілген моральдық өтемақының барлығы қайырымдылыққа жұмсалады. Қандай да бір зардап шеккен қыздарға немесе көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетсек, оны Нұрайдың атынан жасаймыз», – деді Сұлтан Серікбай.
Нұрай Серікбайдың өлімі
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте Нұрай Серікбай бірнеше жерінен пышақ жарақатын алып, қаза тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға дейін күдікті қызды қорқытып, соңынан аңдыған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласы полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.
Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Сонымен қатар бірқатар полиция қызметкеріне қатысты қызметтік міндеттеріне салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайдың өліміне күдікті бірнеше күн бойы бой тасалап жүргеннен кейін ұсталды. Оған үш айып тағылған.
Бұған дейін марқұмның туыстары күдікті тараптан 10 млрд теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беруді талап еткені хабарланған болатын.
Соңғы жаңалықтар