Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Ресейде сырттай қамауға алынды

11.06.2026 11:28 Әсел МҰРАТ
Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Ресейде сырттай қамауға алынды
182
Фото: ашық дереккөз

«ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде белгілі Азамат Қапенов Ресейде сырттай қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

ТАСС агенттігінің жазуынша, оған «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының бұрынғы иесі Анатолий Балушкинге қатысты іс бойынша айып тағылып отыр

«Екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкцияланды. Қамау мерзімі олардың нақты ұсталған күнінен бастап, ал Ресей Федерациясына экстрадицияланған немесе депортацияланған жағдайда Ресейдің құқық қорғау органдарына тапсырылған сәттен бастап есептеледі», - делінген ағайынды Азамат және Медер Қапеновтерге қатысты іс материалдарында.

Тергеу деректеріне сүйенсек, ағайынды Қапеновтер Қазақстанда тіркелген «ПТД» ЖШС-дағы 25 %-дық үлесті жымқырды деген күдікке ілінген.

Құжаттарда көрсетілгендей, олар компания қызметіне қатысты дауларды реттеу сылтауымен кәсіпкер Анатолий Балушкинді өз әрекеттерінің заңдылығына және дауларды шешуге ықпал ету мүмкіндіктерінің бар екеніне сендірген. Алайда тергеу нұсқасы бойынша, олар бастапқыда өздеріне алған міндеттемелерді орындауды көздемеген.

Тергеу мәліметтері бойынша, аталған іс аясындағы мүліктік шығын көлемі шамамен 52 млн рубльді құрайды.

«Қазақстанда Балушкин автокөлік өндірумен, сатумен және оларға сервистік қызмет көрсетумен айналысатын «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының негізгі акционері болған. Іс материалдарына сәйкес, сатып алу көлемін ұлғайту мақсатында компанияға айналым қаражаты қажет болып, кәсіпкер сол кездегі «Цеснабанктен» (қазіргіJusan Bank болып қайта аталды –ред.) 66 млрд теңге көлемінде несие алған. Кейін банк қарыз қаражатын өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Сот Балушкин мен оның серіктесі Ерік Сағымбаевтың несие қаражатын жымқырғанын анықтаған. Соның салдарынан кәсіпкердің барлық активіне тыйым салынып, компаниялар тобына қарасты кәсіпорындардың қызметі тоқыраған», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Азамат Қапенов Қазақстанда да іздеуде жүр және оған қатысты сырттай қамауға алу туралы шешім шығарылған.

Еске сала кетейік, 2025 жылы сәуірде Қазақстан соты аса ірі көлемдегі алаяқтық және салық төлеуден жалтару ісі бойынша «Азия Авто» компаниясының бұрынғы топ-менеджерлері Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевты тиісінше 9 жылға және 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын. Алайда олардың екеуі де қазір Ресей аумағында жүр, ал Ресей тарапы оларды Қазақстанға экстрадицияламайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий