Мәскеу Бейжіңнің жетегінде кетті. Путин Қытайдан неге құр қол қайтты
Ресей президенті Владимир Путиннің Қытайға жасаған сапары Мәскеудің Бейжіңмен тең құқылы емес қатынасқа әбден батқанын көрсетті. Бұл туралы Foreign Policy журналы жазды.
Осыдан төрт жыл бұрын екі ел басшылары «шексіз серіктестік» туралы айтқанымен биылғы кездесу байланыстың мүлдем басқа бағытқа бұрылғанын аңғартты. Ресей соғысқа кіріптар болып, экономикасы құлдырап жатқан тұста Си Цзиньпин серіктестіктің шарттарын өзі белгілеп отыр. Сент–Энтони колледжінің сарапшысы Димитар Бечевтің сөзінше батыстың ықпалын азайтуды көздеген қос мемлекеттің одағында Қытай көшбасшы рөлін иеленген.
Бейжің Мәскеуге экономикалық құтқару шеңберін тастап, мұнай мен газды сатып алуды арттырды, сондай–ақ әскери салаға қажетті қондырғылар мен бөлшектерді тасымалдауды бастады. Екі ел арасындағы сауда байланысы соғыс аяқталғаннан кейін де үзілмейтіні анық, алайда Владимир Путиннің сапары оның күткен нәтижесін берген жоқ.
Путин алып жоба саналатын «Сібір күші–2» газ құбырына қатысты ешқандай жаңа келісімсіз елге оралды. Батыс Сібірден Қытайға жылына 50 млрд текше метр газ тасымалдауды көздейтін бұл жобаны «Газпром» мен қытайлық компания мақұлдағанымен, Бейжің баға мен төлем шарттарына келгенде қатты саудаласып жатыр.
Еуропа нарығынан айырылған Ресей Қытайға қатты тәуелді болып қалды, ал көрші елде балама энергия көздері мен өзге де мемлекеттерден келетін газ жеткілікті. Бұған дейін де бірінші газ құбырын тарту кезінде он жыл бойы келіссөз жүргізген Қытай жағы ақыры Мәскеуді өз шарттарына көндіріп, еуропалықтар төлейтін бағадан әлдеқайда арзанға келісім жасасқан болатын. Дәл осындай жағдай мұнай экспортында да қайталанып отыр, яғни қытайлықтар ресейлік шикізаттың тең жартысын өте үлкен жеңілдікпен сатып алуда.
Екі арадағы сауданың теңсіздігі тауар алмасудан да байқалады, Мәскеу тек шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатса, екінші тарап электроника мен автокөліктерді тоқтаусыз жөнелтіп жатыр. Батыс компаниялары кеткеннен кейін олардың орнын қытайлық өндірушілер басты, мысалы Калугадағы бұрынғы неміс зауытында қазір Chery көліктері құрастырылуда, ал Қытай автокөліктерінің үлесі 57 пайызға дейін өскен.
Мұндай кіріптарлыққа ресейлік саясаткерлер мен бизнес өкілдері, соның ішінде «Ростех» басшысы Сергей Чемезов те алаңдаушылық білдірген. Сыртқы саясат сарапшысы Дмитрий Тренин Ресейдің кіші серіктес бола алмайтынын ескертіп, тең құқылы қатынасты сақтау керектігін мәлімдеді. Сондықтан Мәскеу өзінің шамадан тыс тәуелділігін азайту үшін Үндістанмен байланысын нығайтуға тырысып бағуда. Ал Си Цзиньпин Украинадағы соғысқа қатысты бейтараптық танытып қана қоймай, бейбітшілік орнаған жағдайда Киевті қайта қалпына келтіру жобаларына қатысудан үмітті.
Сарапшылардың пікірінше қарулы қақтығыс аяқталған күннің өзінде Ресейдің маневр жасау мүмкіндігі шектеулі болып қала береді. Путиннің Батыспен текетіресі оны Бейжіңмен байланысын үзбеуге мәжбүрлейді, тиісінше Қытай үшін таңдау көп болғанымен, Ресей бұл тығырықтан шыға алмайды деп хабарлады басылым.
Соңғы жаңалықтар