Мектепке барғысы келмеген оқушы ата-анасын балталап тастады

Мектепке барғысы келмеген оқушы ата-анасын балталап тастады
17.09.2025 10:02
0
185
Depositphotos

Англияның Суссекс графтығында 15 жастағы жасөспірім ата-анасына үлкен екі қолды балтамен шабуыл жасаған. Бұл туралы The Sun басылымы хабарлайды.

Оқиға жексенбіден дүйсенбіге қараған түні болған. Жасөспірім ата-анасы ұйықтағанын күтіп, гараждан балта алып келіп, шабуыл жасаған. Алдымен әкесіне бірнеше рет басынан соққы берген. Оның айтуынша, бөлме қараңғы болғандықтан, соққылардың нақты қай жерге тигенін білмеген. Әкесі ауыр соққыдан айқайлап, әйелінің бөлмесіне қарай бет алған. Осы сәтте анасын да байқап қалған жасөспірім оған да балта сілтеген.

Шабуыл кезінде әйел еденге құлаған. Жасөспірімнің айтуынша, ол балтаны өзі түсіріп алды ма, әлде анасы қағып жіберді ме — есінде жоқ.

Ауыр жараланған ерлі-зайыпты шұғыл түрде Батыс Сассекс ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер ер адамның басы мен бетінде алты жарақат, бес бас сүйек сынуы, миына қан құйылу, қол саусағының сынуы және терең жарақаттар анықталғанын хабарлады. Әйел адамның бір құлағы жартылай кесілген, бет сүйегі, иығы және саны ауыр жарақат алған.

Тергеу кезінде жасөспірім бұл шабуылды алдын ала жоспарлағанын мойындады. Ол мектепке барғысы келмегенін және өмір сүргісі келмегенін айтқан. Сотта жасөспірімнің мектепте қысым көргені, ал ата-анасы оған оқиғаға дейін медициналық көмек іздегені белгілі болды.

Сот тыңдалымы кезінде жасөспірім 16 жасқа толған. Ол отырысқа арнайы емдеу мекемесінен бейнебайланыс арқылы қатысқан. Мамандардың тексеруі нәтижесінде оған аутизм және депрессиялық бұзылыс диагнозы қойылды.

Қоғам мен оның денсаулығы үшін қауіпсіздік мақсатында жасөспірім арнайы күзетілетін психиатриялық емдеу мекемесінде қалатын болды. Соған қарамастан, ата-анасы сот отырысына қатысып, ұлдарын қолдайтындарын білдірді. Судья отбасының әлі де жасөспірімді ақылды әрі мейірімді бала деп санайтынын, оның ауыр психологиялық күйзеліс салдарынан осындай әрекетке барғанын атап өтті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий