Мектепте бас киім киіп, орамал тағуға бола ма: министрлік түсініктеме берді

18.08.2026 11:50 Әсел МҰРАТ
Мектепте бас киім киіп, орамал тағуға бола ма: министрлік түсініктеме берді
224
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың мектеп формасына және оқу орны ішінде бас киім киюіне қатысты талаптар бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, мектеп формасының жалпы ережелері ведомствоның №26 бұйрығымен реттеледі. Осы талаптарға сәйкес, білім беру мекемесінің аумағында оқушыларға бас киіммен (соның ішінде орамалмен) жүруге рұқсат етілмейді.

Министрлік өкілі форма талабы бұзылған күннің өзінде баланы сабаққа кіргізбеуге немесе оқу процесінен шеттетуге тыйым салынғанын ескертті.

«Білім туралы» заң талаптары бойынша әрбір оқушының сапалы білім алуға құқығы бар. Сондықтан мектеп формасына сәйкес келмейтін киім киіп келген оқушыны мектепке кіргізбей қоюға жол берілмейді.

Мектеп ережелерін сақтау бойынша негізгі жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі. Баланы мектепке берер кезде ата-ана мекеме жарғысымен танысып шығады.

Мектеп формасына қойылған ортақ ережені орындамағаны үшін оқушының ата-анасы немесе заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері мен әлеуметтік педагогтер әуелі отбасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Мектеп формасына қойылатын нақты нормалар әр білім беру ұйымы мен ата-аналар қауымдастығының бірлескен шешімі арқылы бекітіледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий