Мемлекетке 20 жыл жұмыс істеген шенеунік ойын үшін қызметінен айырылды

11.09.2026 17:06 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Мемлекетке 20 жыл жұмыс істеген шенеунік ойын үшін қызметінен айырылды
265

Жетісу облысында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар аудандық бөлімше басшысы букмекерлік кеңсе арқылы жүйелі түрде бәс тіккені үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Politico.kz Жетісу облысының прокуратурасына сілтемемен.

Көксу ауданының прокуратурасы лудоманияның алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына талдау жүргізген.

Тексеру барысында жекелеген мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысып, бәс тіккені анықталған.

Прокуратура мәліметінше, олар букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы жүйелі түрде бәс тіккен.

Ойын шоттарын толықтыруға жұмсалған жалпы сома 7,7 млн теңгеден асқан.

Қадағалау органы мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделіне нұқсан келтіріп, қоғам сенімінің төмендеуіне және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына әкелетінін атап өтті.

Прокурорлық ден қою актісі қаралғаннан кейін тәртіптік комиссия 2 лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы шешім қабылдаған.

Олардың бірі аудандық бөлімше басшысы болған. Оның мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 20 жылдан асады.

Екі лауазымды тұлға да сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін жұмыстан босатылған.

Жетісу облысының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын бақылау, құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу және мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий