«Мен сізді кешірдім»: Атырауда оқушыны қағып өлтірген жүргізушіге үкім оқылды

01.07.2026 17:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Мен сізді кешірдім»: Атырауда оқушыны қағып өлтірген жүргізушіге үкім оқылды
258

Атыраудағы BINOM мектебінің жанында жеті жасар қызды қағып өлтірген жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды HALYQSTAN.

Қайғылы жағдайда қызынан айырылған әке күтпеген шешім қабылдап, 1974 жылғы кінәлі азаматты кешірді және оған қатаң жаза сұраудан бас тартты.

Орны толмас қайғылы оқиға биылғы 6 сәуір күні таңертең Нұрсая ықшамауданында орналасқан әл-Фараби атындағы BINOM мектебінің маңында болған. 2018 жылы дүниеге келген бірінші сынып оқушысы сабаққа бара жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте, оны Toyota Hiace микроавтобусы қағып кеткен.

Алған ауыр жарақаттарының салдарынан 7 жасар қыз жедел жәрдем көлігі жеткенше оқиға орнында көз жұмды.

Ер адам абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, отбасынан шын жүректен кешірім сұрады.

Қыздың әкесі өзінің де көп жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істейтінін айтты. Ол сотталушыға қарап, оған ешқандай шағымы жоқ екенін және жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдыратынын жеткізді.

Тергеу материалдары мен сот үкіміне сәйкес, оқиға кезінде жүргізуші өткел алдында тоқтап, екі баланы өткізіп жіберген. Ол жол босады деп ойлап, көлікті орнынан қозғаған сәтте, өткелде тағы бір баланың бар екенін байқамай қалған.

Судья үкім шығару барысында бірнеше жеңілдететін мән-жайды ескерді. Атап айтқанда, ер адамның бұрын сотталмағаны, өз ісіне өкінгені және асырауында кәмелетке толмаған балаларының бар екені назарға алынды. Сондай-ақ, жәбірленуші тараптың қатаң жаза талап етпеуі де басты рөл атқарды.

Нәтижесінде сот жүргізушіні 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұған қоса, ол алдағы 5 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан қағылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий