Мені халық емес депутаттар сайлады деп шулатқан шенеунік басшылық қызметке тағайындалды
Алматы облысы құрылыс басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Өңір әкімінің өкімімен бұл жауапты қызмет Жасұлан Оңалбаевқа жүктелді. Бұл туралы Politico.kz хабарлайды.
37 жастағы шенеунік бұған дейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары болып еңбек еткен. Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеттің түлегі еңбек жолын қарапайым инженерліктен бастап, түрлі жылдары Іле ауданында сәулет және қала құрылысы бөлімінде, кейіннен энергетика және ТҮКШ басқармасында басшылық лауазымдарды атқарған. Тәжірибесі мол маман енді облыстағы ірі құрылыс нысандарын қадағалайтын болады.
Дегенмен жаңа басшы жұртшылыққа беймәлім тұлға емес. Оның есімі бұған дейін әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен даулы оқиғамен есте қалған болатын.
2023 жылдың ақпан айында Ащыбұлақ ауылында кәріз құбыры жарылып, көше мен тұрғын үйлерді нәжіс суы басып қалған еді. Сол кезде ауылдық округ әкімі болған Жасұлан Оңалбаев ашынған халықпен кездесуге барғанда сөзге келіп қалған.
Тұрғындардың бірі «Сіз сайлаушы халықпен бірге болуға міндеттісіз» деген уәжіне шенеунік күтпеген жауап қайтарған.
«Қателесесіз. Мені депутаттар сайлады. Келесі жолы тағы сайлауға түсемін, сол кезде халық таңдайды», — деген болатын Оңалбаев .
Тұрғынның «Сонда халық үшін емес, депутаттар үшін жұмыс істейсіз бе?» деген сұрағына да әкім «Жоқ, әрине» деп жауап бергенімен, оның дөрекі тоны көпшіліктің ашуын туғызған болатын.
Кейіннен әкімдік өкілдері Оңалбаевтың расымен де ескі заңнама бойынша мәслихат депутаттары арқылы сайланғанын растады. Алайда мемлекеттік қызметшінің бұл қылығы Әдеп жөніндегі кеңестің назарынан тыс қалмай, оған түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін қатаң сақтау керектігі ескертілген болатын.
Бүгінде сол шулы оқиғадан кейін мансабы өрлеген шенеунік енді тұтас облыстың құрылыс саласын тізгіндеп отыр.
Соңғы жаңалықтар