«Мені тез алып кет… Өліп барамын»: Жамбылда босанғаннан кейін жас ана қайтыс болды

10.07.2026 20:48 Қарақат АСЫЛОВА
«Мені тез алып кет… Өліп барамын»: Жамбылда босанғаннан кейін жас ана қайтыс болды
432
Фото: Halyqstan

Жамбыл облысында бес баланың анасы босанғаннан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.

Марқұмның жақындары дәрігерлердің әрекетіне қатысты күмән келтіріп, істі жан-жақты тергеуді талап етуде.

Марқұм Ұлбосын Қарасаева Т.Рысқұлов ауданынан болған. Жолдасы Елдос Есеевтің айтуынша, әйел жоспарлы түрде Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына жатқызылған. Бұған дейін ол жүктілік кезінде варикоз дертіне байланысты осы орталықта ем қабылдаған.

9 маусым күні ауруханаға өз аяғымен барған әйелге 12 маусымда ұрықтың ірі болуына байланысты кесарь тілігі жасалған. Алайда екі күннен кейін дене қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған.

Туыстарының сөзінше, науқасты бірнеше медициналық мекемеге тасымалдауға тура келген. Себебі облыстық перинаталдық орталықта қажетті медициналық жабдық болмаған.

Дәрігерлердің алдын ала мәліметіне сәйкес, әйелде отадан кейін жатыр тігісінің ажырауы, эндомиометрит, іріңді перитонит, ауыр акушерлік сепсис, кейіннен көп ағзаның жетіспеушілігі, екіжақты сепсистік пневмония, бауыр мен бүйректің зақымдануы анықталған.

Жақындарының айтуынша, оның жатырын, жатыр түтіктерін және көкбауырын алып тастауға тура келген. Ол бес ауыр операцияны бастан өткеріп, ұзақ уақыт жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Жолдасының айтуынша, әйел бір сәт есін жиғанда сөйлей алмай, қағазға:

«Мені тезірек алып кет. Үш күннен бері су бермеді. Өліп барамын» деп жазып үлгерген.

Осыдан кейін ол жұбайын Астанаға емдеуге апармақ болғанымен, дәрігерлер оның жағдайы тасымалдауға келмейтінін айтқан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл дерек бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізетінін хабарлады. Сонымен қатар қызметтік тергеу басталған. Ана өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады.

Қазір нәресте облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында. Ал марқұмның денесі туған-туыстарына жерлеу рәсімін өткізу үшін табысталды. Артында жолдасы мен бес баласы қалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий