Меркі соты көкпардағы атыс бойынша үкім шығарды

13.07.2026 16:39 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Меркі соты көкпардағы атыс бойынша үкім шығарды
157

Жамбыл облысының Кеңес ауылында көкпар ойыны кезінде басталған төбелес атысқа ұласып, қару қолданған азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 2026 жылдың қаңтарында болған. Екі тұрғынның сөзге келіспей қалуы үлкен жанжалға айналған. Сол кезде қатысушылардың бірі туысына қоңырау шалып көмекке шақырады. Дауласып жатқан жерге келген сотталушы М. үйіне қайта барып, өз атында тіркелген ИЖ-81 аңшылық мылтығын алып шыққан. Ол қаруды резеңке оқпен оқтап, жәбірленушіні атып жіберген. Салдарынан ауыл тұрғындарының зәресі ұшып, ал оқ тиген адамның денсаулығына жеңіл зақым келді.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, тайып кеткенін және мылтық кездейсоқ атылғанын түсіндірді. Болған оқиғадан кейін ол жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізіп, көмек көрсетті.

Өз кезегінде жәбірленуші оны кешіретінін, екеуі татуласқанын және ешқандай талабы жоқ екенін жеткізді.

Прокурор айыпталушыны 3 жылға қамауды сұрады. Алайда сот оның шын өкінгенін, жәбірленушімен татуласқанын және асырауында 4 кәмелетке толмаған баласы, жұмыссыз әйелі мен қарт ата-анасы бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Нәтижесінде сот азаматты қару қолданумен жасалған бұзақылық бабы бойынша кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Заңға сәйкес бұл жаза шартты деп танылды. Үкім заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий