Марқұм Мәдинаның жеңгесі: Арқасында шыбық ізі бар, бет-аузы, бүйрегі көгерген
Жамбыл облысы Меркі ауданында көз жұмған 18 жастағы Мәдинаның жеңгесі Аяжан Сейілбекқызы Арынова не себепті қайын сіңлісінің өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін түсіндірді. Айтуынша, екі сараптамаға да бір маманның кіруі үлкен күдік тудырады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұқбатынды айтты.
«Жалпы, кеше Мәдинаның мәйітін осында алып келді. Оның алдындағы күні бізге қаралы хабар жетті. Сағат 6-лар шамасында Алматы қаласынан қайын атам, қайын енем және күйеуім – барлығы Меркіге қарай жолға шықты. Содан ол жаққа барғанда, оларды күйеуінің туыстары қарсы алған. Бірақ олар тарапынан «Кешірім сұраймыз» деген бір ауыз сөз айтылмады. Анасын күннің астында, ескі диванның үстінде отырғызып қойыпты. Бұл кісі айдалада айғайлап, жылап отырған. Тіпті су мен тамақ та бермеген. Аузы кеберсіп, тамағы қарлығып, дауысы шықпай қалғанын өздеріңіз де көрген боларсыздар. Бұл кісіге кішкене болсын аяушылық білдірмеген. Одан кейін сараптамаға алып барған кезде, ондағы эксперт: «Ешқандай соққы белгілері жоқ, ұрмаған», – деп шығарып салған. Содан соң қайын атам «Бұлай болуы мүмкін емес» деп, Таразға алып кетті. Таразға алып барып сараптамаға кіргізгенде, тура сол Меркідегі эксперт қайта алдымыздан шықты. Жанындағы екінші адам өзгергенімен, бірінші эксперт сол күйі ауыспаған. Біз осыдан күдіктеніп отырмыз. Неге екі түрлі сараптамаға бір ұқсас адам кіреді? Онда да «денесінде соққы іздері жоқ» деп берген», – деді марқұм Мәдинаның жеңгесі.
Ары қарай Аяжан Арынова мәйітті өз көзімен көргенін және қайын сіңлісінің денесінде сау жер жоқ екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол видеодағы Мәдинаның өзі екеніне сенбейтінін жеткізді.
«Мен мәйітті өз көзіммен көрдім. Басынан бастап, шашының іші сабан-сабан. Оны «қораның ішінде ұрған ба» деп топшыладық. Сонымен қатар, денесін сүйреген сияқты, өйткені аяғынан бастап терісі сырылып кеткен. Арқасы шыбықпен ұрылған, шыбықтың іздері тұр. Бүйрек тұсы ісіп, көкпеңбек болып кеткен. Бет-аузы да көгерген, біз оның бәрін суретке түсіріп алдық. Тырнақтарының асты қап-қара. Жаназа асында Алматыдан келген екі әпкесі мынадай жайтты айтты: «Бізге енесі: "Көтеріп бара жатқанда құлатып алып, үйге қарай сүйредім, денесі содан сырылған ғой", – деп айтты», – дейді. Алайда, екі сағат бойы асылып тұрған адамның денесін енесі қалай сүйреп жүреді? Ол мүмкін емес қой. Тағы бір мәселе: мамасының WhatsApp-ына қызының аккаунтынан «Мен асылайын деп жатырмын» деген сияқты видео келген. Бірақ ол видеоны күйеуі түсірген деп есептейміз. Өйткені үстіндегі көйлегі, жіп және аяғы ғана түсірілген, ал беті көрінбейді. Әйел адамның денесі мен аяғына ұқсамайды. Оның үстіне ол аяқ әйел адамдікіне мүлде ұқсамайды. Күйеуі бұл оқиғаны әдейі қолдан ұйымдастырған (имитация жасаған) деп ойлаймыз. Барлық видео мен дәлел мамасында бар. Оның соққыға жығылғанын, денесіндегі жарақаттарды толықтай таспаға түсіріп алдық», – деді Аяжан Арынова.
Соңғы жаңалықтар