Меркідегі Мадинаның қандай отбасына келін болғаны анықталды

24.08.2026 20:06 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Меркідегі Мадинаның қандай отбасына келін болғаны анықталды
599
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Жамбыл облысы Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қандай отбасына келін болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

KursivMedia басылымының жазуынша, Мадинаның күйеуі Мадияр Айтмырза 2003 жылы туған. Оның тұрақты ресми жұмысы жоқ. Ол құрылыс нысандарында жалдамалы жұмысшы болып істейді. Мадияр үйдің үлкені және оның үш бауыры бар.

Мадиярдың әкесі кісі өліміне әкеп соққан жол апатына байланысты қамауда отыр. Ал анасы ауылдағы мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді.

Бұл отбасы Қызыл қыстақ ауылында бұрыннан тұрады. Елді мекен Қырғызстанмен шекарада орналасқан. Ол Андас батыр ауылдық округіне қарайды. Мұнда мыңға жуық адам тұрады және небәрі екі көше ғана бар. Халық негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады.

Көршілерінің айтуынша, бір шаңырақ астында Мадияр, Мадина мен оның сәбиі, енесі бірге тұрған.

Ауыл әкімі аппараты мамандарының сөзінше, Меркі ауданында зорлық-зомбылық құрбандары жүгіне алатын «Отбасы» орталығы ашылған. Мадина бұрын-соңды сол орталыққа жүгінбеген.

Еске сала кетейік, 14-15 тамызға қараған түні Меркі ауданында жас келіннің мәйіті табылған. Марқұм өлерінің алдында күйеуімен «Барни» бисквиті үшін жанжалдасқан.

Полиция бұл істі адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен тергеп жатыр. Бірақ бойжеткеннің туыстары суицидке мүлдем сенбейді. Олар істі кісі өлтіру ретінде тексеруді талап етеді. Мадинаның артында 10 айлық сәбиі қалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий