Микро және шағын бизнес үшін салықтық рақымшылық

26.01.2026 15:21 Арман Ермеков Арман Ермеков
Микро және шағын бизнес үшін салықтық рақымшылық
31

Шағын бизнестің айыппұлы мен өсімпұлы толық кешіріледі, деп хабарлайды Politico.kz

Қазақстан Үкіметі микро және шағын бизнес өкілдеріне экономикалық тыныс ашатын маңызды шешім қабылдады. Енді кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі салық қарызын өтеп үлгерсе, олардың есептелген өсімпұлдары мен айыппұлдарын мемлекет толықтай сызып тастайды.

Жаңа бастама кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жаңа салықтық реформаларға бейімдеу мақсатында қолға алынды. Қаржы министрлігі ұсынған жобаға сәйкес, жеңілдік 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан берешекке қатысты қолданылады.

Егер кәсіпкер сәуір айының басына дейін негізгі борышын жапса, оған мынадай жеңілдіктер жасалады:

  • Барлық есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар жойылады;
  • Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеу есебіне уақтылы тұрмағаны үшін салынған айыппұлдар кешіріледі.

Бұл ережелер «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр және ақпан айының басында ресми күшіне енуі тиіс.

Үкімет фискалдық қысымды барынша азайту үшін қосымша шараларды бекітті. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдер үшін салықтық тексерістер мен камералдық бақылау жүргізілмейді.

Дегенмен, бұл шектеудің өз ерекшеліктері бар. Тексеріс мына жағдайларда сақталады:

  • Қылмыстық істер мен прокуратура талабы болса;
  • Жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты;
  • Бюджеттен ҚҚС қайтару мәселелері бойынша;
  • Салық төлеушінің өз өтініші негізінде.

Сондай-ақ, 2026 жылдың басына дейін жасалған мәмілелерді немесе тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беру тоқтатылады (құқық қорғау органдарының материалдарынан басқа жағдайда).

Кәсіпкерлер үшін тағы бір жағымды жаңалық – әкімшілік қудалаудың тоқтатылуы. 2026 жылдан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне ескі кезеңдер үшін (2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі) салық есебін тапсырмағаны немесе ҚҚС тіркеуіне тұрмағаны үшін іс қозғалмайды.

Бұл шаралар Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр. Үкімет басшысы бизнестің жаңа Салық кодексіне ауыртпалықсыз көшуін қамтамасыз етуді міндеттеді. Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі 2026 жыл бойы шағын бизнеске өсімпұл мен айыппұл есептемеу мәселесін қосымша пысықтап жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий