Миллиардтарды жымқырған «OrdaMed» басшылары ұсталды
Елімізде медициналық жабдықтың жалған өндірісі әшкереленді, деп хабарлайды Politico.kz
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі фармацевтика саласындағы ауқымды қылмыстық схеманың жолын кесті. «OrdaMed» АҚ басшылығы шетелдік техниканы отандық өнім деп көрсетіп, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген.
Тергеу мәліметі бойынша, компания өкілдері Қазақстан аумағында жеке өндірісі бар екендігі туралы жалған құжаттар жасаған. Осының арқасында олар мемлекеттік емдеу мекемелеріне 28 түрлі медициналық жабдықты жеңілдетілген шарттармен жеткізу құқығына ие болып, заңсыз артықшылықтар алған. Алайда іс жүзінде дайын медициналық құрылғылар толығымен шетелден тасымалданған.
Алаяқтық әрекеттердің салдарынан мемлекет бюджетіне 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілді.
Арнайы операция барысында жүргізілген тінту жұмыстары кезінде «OrdaMed» АҚ басшылығынан жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді. Сондай-ақ, «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынды.
Сот санкциясымен акционерлік қоғамның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Соңғы жаңалықтар