Министр сәбиін құшақтаған курьер әйел туралы тың дерек айтты
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен баласын көтерген курьер келіншек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін желіде қолында кішкентай баласы бар курьер келіншектің видеосы кеңінен тараған болатын.
Министр Ертаевтың айтуынша, курьер келіншек жалғызбасты ана емес. Оның күйеуі бар. Екеуі Шымкенттен Алматыға көшіп барған. Баланың анасы бірден курьерлік кәсіппен ақша табуға кіріскен.
«Біз ол отбасыны зерттеп шықтық. Баланың әкесінің IT мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Ал келіншегі техникалық мамандық бойынша оқыған. 19 мамырда олар Алматыға келген. Біз осылай көшіп баратын жастарға алдымен мансап орталықтарына баруға кеңес береміз. Сол жерде жұмыс ұсынады», - деді Ертаев.
Министрдің айтуынша, бұл отбасының көлігі мен кредиті де бар. Шымкентте жағдайы жаман болмаған.
«Ағасы ломбард бизнесімен айналысады. Ата-анасы да жақсы тұрады», - деп атап көрсетті Ертаев.
Министрлік келіншекті жұмысқа алған курьерлік қызметке де хабарласқан. Себебі кез келген курьерді алдымен оқытады, қауіпсіздік шараларына үйретеді.
«Оны баламен бірге жұмысқа қалай шығарған? Бізді осы мәселе мазалайды. Олар уақыт сұрады, келесі аптада тағы сөйлесеміз. Негізі, ондайда нақты тәртіп болуы керек», - деді министр.
Желіде сәбиін құшағына қысып, курьер болып жұмыс істеп жүрген ананың суреті тарағаннан кейін көпшілік оның тағдырына алаңдап, жан-жақты көмек көрсетуге ниет білдірген еді.
Алматылық блогер Алмат Несіпқалиев әйелді арнайы іздеп тауып, бірнеше күн бойы оған қол ұшын созуға әрекеттенгенін айтты.
Оның сөзінше, алдымен анамен кездесіп, қажетті заттарын апарып берген. Кейін келісімімен бейнематериал түсіріп, халықтан қаржылай көмек жинауды жоспарлаған.
Алайда бұл отбасы көмектен бас тартты, дейді блогер.
Соңғы жаңалықтар