Министрлікке қарасты қаржы орталығында миллиардтаған шығын анықталды
Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігіне қарасты «Электрондық қаржы орталығы» АҚ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит жұмыстарын аяқтады. Тексеріс нәтижесінде стратегиялық жоспарлау мен ақпараттық қауіпсіздік саласында өрескел қателіктер мен қыруар қаржылық бұзушылықтар әшкере болды, деп хабарлайды Politico.kz
Бүгінде бюджет ресурстарын басқару ісінде цифрлық шешімдер енгізу – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Заманауи технологиялар қаржы ағынын үздіксіз бақылап, адами факторды азайтуға және нақты шешім қабылдауға септігін тигізуі тиіс. Бұл ретте негізгі оператор саналатын ұйым – «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы.
Алайда аудит барысында стратегиялық басқару жүйесінде назар аударарлық кемшіліктер тіркелді. Мәселен, 2023-2024 жылдарға арналған даму жоспарларының орындалуы жөнінде есептілік мүлдем жоқ. Жекелеген көрсеткіштер межесіне жетпеген, ал ішкі аудит қызметінің іс-шаралары толық орындалмайды немесе бекітілген мерзімдері сақталмайды.
Бюджет процесінің интеграторы ретінде орталықтың жұмысы жалпы қанағаттанарлық деп бағаланғанымен, ұйымның ішкі нормативтік құжаттары жаңартылмаған. Сонымен қатар қызметтер құнын есептеуде әртүрлі тәсілдер қолданылатыны байқалды.
Сүйемелдеудегі және сенімгерлік басқарудағы жүйелерде, сондай-ақ «Электрондық коммерциялық сатып алу» АЖ бойынша қауіпсіздік талаптары бұзылған. Кейбір ақпараттық жүйелер ресми түрде әлі де тәжірибелік сатыда тұрғанына қарамастан, толыққанды жұмыс режимінде қолданылып келген.
Ең сорақысы сол, қолданыстағы цифрлық жүйелердің жұмысына сырттан рұқсатсыз араласу мүмкіндігі сақталған. Аудит барысында «Электрондық мемлекеттік сатып алу» жүйесіне техникалық өзгерістер енгізудің 600-ден астам дерегі анықталды. Мысалы, жүйеге тәжірибе мен рұқсат құжаттарын тексеру функциясын өшіріп тастайтын түзетулер енгізілген.
Жалпы тексеріс қорытындысы бойынша 566 миллион теңгеге тең қаржылық бұзушылық анықталды. Ал тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған қаражат көлемі 13,5 миллиард теңгені құрады.
Соңғы жаңалықтар