Монополиядан қалай құтыламыз?

Монополиядан қалай құтыламыз?
27.08.2025 16:49
0
72

Бәсеке – экономиканың қозғаушы күші. Ол бар жерде баға байыпты, сапа жоғары, ал таңдау мол болады. Бірақ нарықта жалғыз ғана ойыншы үстемдік етсе ше? Сол кезде тұтынушының даусы баршын тартып, баға қымбаттайды, ал сапа төмендей береді. Бұны монополияның қақпаны деп атайды. Қазақстан үшін монополияны зерттеу – құрғақ теория емес, әр отбасының тұрмыс-тіршілігіне, қалтасының қалыңдығына, болашағының баяндылығына тікелей әсер ететін өткір мәселе. Электр тарифі, газ бағасы, байланыс қызметі, тіпті дәрі-дәрмектің құны – бәрі де монополиялық ықпалдан тыс емес. Демек, монополияның қайдан туатынын, оның пайдасы мен қатерін білу – бүгінгі күннің маңызды тақырыптарының бірі. Дәл осы мәселені POLITICO.KZ. тілшісі  зерделеп көрді.

Монополияның мәні

Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас. Монополия билеген нарық әлемінде де дәл солай. Қазақстанда да мұндай құбылыстар аз емес. Су, электр, газ – халық күнделікті тұтынатын қызметтердің басым бөлігі әлі күнге дейін табиғи монополиялардың қолында.

Мысалы, KEGOC компаниясы еліміздің магистральдық электр желілерін басқарады. Басқа фирманың бұл салаға келуі тиімсіз, себебі желінің бірнешеуін қатарынан салу – орасан шығын. Бірақ бұл жағдай бағаға әсер етеді: 2023 жылы электр тарифтері өскенде, халықтың наразылығы күшейген болатын.

Адвокат, Республикалық адвокаттар алқасының Ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі Мұрат Жанбаев:

«Монополист – бұл нарықтың елеулі бөлігін немесе тұтас бір саласын бақылап, тауар мен қызметтің бағасын өз қалауынша белгілей алатын субъект», деп түсіндіреді.

Оның айтуынша, табиғи монополиялар кейде экономикаға пайда да әкеледі:

«КТЖ – магистральдық теміржол желілерін, KEGOC – электр желілерін, ал коммуналдық кәсіпорындар – су мен жылуды бақылауда ұстайды. Мұндайда бір орталықтан басқару ыңғайлырақ болады».

Нарыққа кіру кедергілері

Монополияның өмір сүруінің басты шарты – «кіру кедергілері». Жаңа ойыншыларды жолатпайтын тосқауылдар көп болса, қолда бар ойыншының билігі күшейе түседі.

Негізгі себептері:

  1. Ресурстың бір ғана қолда болуы.
  2. Үкіметтің ерекше құқығы.
  3. Өндіріс тиімділігі.
  4. Нарықты бақылау.

«Халық заңгері» республикалық акциясының сарапшысы Илья Князев:

«Монополия – бұл нарық моделі, мұнда белгілі бір өнімді өндіруде немесе таратуды тек бір компания қадағалайды. Олар бағаны толық бақылап қана қоймай, тауар айналымының жалпы жағдайына да ықпал етеді», дейді.

Табиғи және мемлекеттік монополиялар

Электр, газ, теміржол – бұл салаларда монополияны мойындауға тура келеді. Өйткені бірнеше бәсекелес компанияның қатарынан теміржол салуы немесе газ құбырын тартуы тиімсіз. Бірақ осындай табиғи монополиялар халыққа тиімді болу үшін мемлекет олардың тарифін қадағалауы тиіс.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл қадағалау көбіне кешігіп немесе жеткіліксіз жүреді. Мәселен, 2022–2023 жылдары газ бағасының көтерілуі мен тариф саясаты қоғамда үлкен талқылауға түсті. Энергетика саласында монополияның ықпалы айқын сезілді.

Қазақстандағы монополистер кімдер?

Илья Князев Қазақстандағы айқын мысал ретінде «Қазпошта» мен «Қазақтелекомды» атайды. Ал сарапшылар Нұрлан Сұлтанғалиев пен Әзиза Марасулова Air Astana мен Яндекс.Такси қызметтерін де «доминирующий субъектілер» қатарына қосады.

Соңғы айларда Антимонополиялық агенттік аталған компанияларға қатысты тексерулер жүргізді:

  • Air Astana – жанармайға қосылған қосымша алым үшін айыппұл салынып, мемлекет қазынасына 876 млн теңге өндірілді.
  • Яндекс.Такси – кассалық құрылғыларды техникалық қолдау қызметін күштеп енгізгені үшін жазаланып, 3 млрд теңге мемлекет қоры мен жүргізушілердің еңбекақысын арттыруға бағытталды.

Бұл істер – Қазақстанда монополияға қарсы саясаттың күшейіп келе жатқанын айғақтайды.

Зияткерлік меншік: идеядағы монополия

Айта кетейік, монополия тек инфрақұрылымда ғана емес, ой еңбегінде де бар. Жазушы роман жазса – авторлық құқық иесі атанады. Әнші ән шығарса – оны рұқсатсыз ешкім орындай алмайды. Бұл – шығармашылық әлеміндегі монополия.

Қазақстанда фармацевтикалық компаниялар жаңа дәрі ойлап тапқан жағдайда патент арқылы оны белгілі бір уақыт тек өздері ғана өндіреді. Бұл инновацияны қолдаудың тиімді жолы болғанымен, тұтынушы үшін бағаның жоғары болуына әкелуі мүмкін.

Бұл да монополиядан үзілді-кесілді толық құтыла алмайтындығымыздың дәлелі болса керек.

Сайып келгенде, монополия – ел экономикасындағы қос қырлы құбылыс. Табиғи монополиялар халыққа қажетті қызметті қамтамасыз етсе, жасырын картельдер бағаны өсіреді.

Мамандар пікірінше, кез келген ірі компанияны монополист деу қателік. Дегенмен, олардың ықпалын бақылау – мемлекеттің басты міндеті. Сондықтан еліміз үшін ең маңыздысы – бәсекенің ашықтығын арттыру. Монополияны толық жою мүмкін емес, бірақ оның шеңберін шектеу, пайдалы тұстарын қалдырып, зияндысын қысқарту – экономикалық тұрақтылықтың кепілі.

Бір шам қанша жарық берсе де, мың шамның жарығы әрқашан әділ әрі молырақ екенін есте ұстаған абзал.

 

 

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий