Астана тұрғындары үшін электр энергиясы қымбаттайды
Астанада жақын күндері электр энергиясының тарифі айтарлықтай өсуі мүмкін, бұл туралы «Астана-АЭК» мекемесінің басқарма төрағасы Руслан Абжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Елордада жаңа тарифтерді бекітуге қатысты өткен қоғамдық тыңдауда мекеме басшысы қосылған құн салығынсыз шекті бағаны киловатт-сағатына 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін арттыруға өтінім берілгенін жеткізді. Баға 12,5 пайызға өседі деп күтіліп отыр, ал жаңа тарифтер 2026 жылдың 5 маусымынан бастап қолданысқа енуі ықтимал. Алайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті бұл көрсеткіштер әлі бекітілмегенін және өтінім түскен күннен бастап оны қарауға шамамен бір ай уақыт кететінін түсіндірді.
«Астана-АЭК» өкілдері тарифтің көтерілуін электр энергиясын сатып алу мен тасымалдау шығындарының артуымен, KEGOC тарифтерінің өсуімен, сондай-ақ бағаны ұстап тұрудан жиналған шығындармен байланыстырып отыр.
«Қосымша фактор ретінде елордада электр энергиясын тұтыну көлемінің артуын айтуға болады, 2026-2027 жылдарға жоспарланған сатып алу көлемі 4,57 млрд киловатт-сағатты құрайды, бұл бұрын бекітілген көлемнен 12,2 пайызға көп, ал тұтынудың өсуі Астанадағы белсенді құрылыс пен жаңа нысандардың іске қосылуына байланысты», – деді Руслан Абжанов.
Тұрғындар үшін баға өсімі әлеуметтік жағынан сараланады және орташа есеппен 10 пайызға көтеріледі. Электр плиталары бар пәтерлер үшін 90 киловатт-сағатқа дейінгі тариф 17,67 теңгенің орнына 20,21 теңгені құраса, 90-нан 180 киловатт-сағатқа дейін 26,45 теңгеден 29,09 теңгеге, ал 180 киловатт-сағаттан асқан жағдайда 33,06 теңгеден 36,36 теңгеге дейін өседі.
Электр плиталары жоқ тұрғын үйлер үшін 70 киловатт-сағатқа дейінгі тұтыну бағасы 17,56 теңгеден 21,39 теңгеге дейін қымбаттаса, 70-тен 140 киловатт-сағатқа дейін 29,09 теңгені, одан асқан жағдайда 36,36 теңгені құрайтын болады.
Бизнес өкілдері мен өзге де тұтынушылар үшін бағаны бірден 22 пайызға, яғни бір киловатт-сағат үшін 32,54 теңгеден 39,58 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр, десе де бюджеттік ұйымдар үшін тариф өзгеріссіз қалады. Компанияның есептеуінше, баға өскеннен кейін орташа айлық төлем бір бөлмелі пәтерлер үшін шамамен 383 теңгеге, екі бөлмелі үйлер үшін 766 теңгеге, ал үш бөлмелі пәтерлер үшін 1148 теңгеге артады.
Мекеме басшылығы тарифтің негізгі бөлігі ішкі шығындар емес, электр энергиясын сатып алу мен тасымалдау екенін, оның 41 пайызы сатып алуға, 36 пайызы тасымалдауға жұмсалатынын алға тартты. Сонымен қатар қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі де талқыланды, қазіргі уақытта тарифке енгізілген орташа жалақы 436,7 мың теңге болса, Астанадағы сала бойынша орташа табыс 617 мың теңгеден асады. Жаңа өтінімде мамандардың орташа жалақысын 619,3 мың теңгеге дейін арттыру ұсынылған, өйткені төмен жалақы әлеуметтік шиеленіс пен кадр тұрақсыздығына әкеліп, 2025 жылы жұмыстан кету көрсеткіші 15,2 пайызға жеткен. Сондай-ақ елордада жарық тұтынушылар саны да тоқтаусыз өсіп жатыр, егер 2025 жылдың басында 536,5 мың келісімшарт жасалса, 2026 жылдың сәуір айына қарай бұл көрсеткіш 12,4 пайызға артып, 603 мыңнан асқан.
Айта кетейік, Қазақстанда шілдеден бастап газ бағасы күрт қымбаттайды.
Соңғы жаңалықтар