Назарбаев 58 млрд теңге қарызы бойынша сотта жеңілді

22.07.2026 16:13 Мөлдір ҚАЙНАР
Назарбаев 58 млрд теңге қарызы бойынша сотта жеңілді
216
Фото: IIM

Нұрбол Назарбаевтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініші апелляциялық сатыда да қолдау таппады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрбол Назарбаевтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан еді. Сот қаулысына сәйкес, оның берешегі шамамен 57,9 млрд теңгені құрайды. Осыдан кейін ол бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды талап етіп, апелляциялық шағым түскен.

Алайда апелляциялық сот та оның бұл талабын қанағаттандырмады. Сот алқасы Нұрбол Назарбаевтың өз табысы, шығыстары мен қаржылық жағдайы туралы толық мәлімет ұсынбағанын атап өтті.

Сонымен қатар Бас прокуратураның Активтерді қайтару қызметі борышкердің активтерді өндіріп алу туралы сот шешімінің орындалуын созу үшін сот тетіктерін пайдаланып отырғанын мәлімдеді. Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы бұл уәждерді толық қолдады.

Войдите, чтобы оставить комментарий