Назарбаев әулетімен байланысты компаниялардың мемлекетке жүздеген миллиард теңге салық қарызы бар

15.07.2026 18:18 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Назарбаев әулетімен байланысты компаниялардың мемлекетке жүздеген миллиард теңге салық қарызы бар
191

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына тиесілі бірқатар компания көп жылдан бері бюджетке салық берешегін төлемей отыр. Бұл туралы kursiv.media жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекеттік кірістер комитеті ай сайын жариялайтын салық қарызы бар мекемелер тізімінің басында марқұм Болат Назарбаевпен тікелей байланысы бар «Ai-To Progress» ЖШС тұр. Бұл ұйымның қазына алдындағы берешегі 114 млрд теңгеге жуықтаған, оның 63,5 млрд теңгесі негізгі қарыз болса, қалған 50,4 млрд теңгесі өсімпұл ретінде есептелген. Осыдан 19 жыл бұрын құрылып, кезінде BN DEC SERVICE деп аталған бұл компанияның құрылтайшылары қатарында 2017-2019 жылдары Болат Назарбаевтың өзі болған. Қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан мекеме 2023 жылдан бері салық төлемеген, ал оның соңғы басшысы ретінде Дәурен Молдағалиев көрсетіліп отыр.

Борышкерлер тізіміндегі екінші орынды Алматы қаласында тіркелген Alpha-bet букмекер компаниясы 99 млрд теңге қарызбен иеленген. Жалғыз құрылтайшысы Velora Group LTD болып саналатын бұл ұйымның 42,6 млрд теңге негізгі қарызына 56,4 млрд теңге өсімпұл қосылып, қарыз көлемі еселеніп кеткен.

Үздік үштікті түйіндейтін «TEX ALLIANCE» ЖШС мемлекетке берешегі 98 млрд теңгеден асып түседі. Алматы облысында тіркелген және Бас прокуратура кезінде Қытайдан заңсыз тауар тасымалдаған ұйымдар тізіміне қосқан бұл мекеменің негізгі борышы небәрі 17,4 млрд теңге болғанымен, өсімпұлы 80,8 млрд теңгеге жеткен.

Тізімнің келесі сатысында экс-президенттің қарындасы Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаевқа тиесілі «GROUP OF THE COMPANIES TDA» компаниясы 97,9 млрд теңге қарыз жинаған, оның 52,9 млрд теңгесі негізгі борыш болса, қалған сома айыппұл мен өсімпұлдан құралады. Түрлі тауар сатумен айналысатын кәсіпорын 2023 жылдан бері салық төлеуді тоқтатып, биыл өзін банкрот деп тануды сұрағанымен, сот өтінішті кері қайтарған.

Одан кейінгі орындарда 87 млрд теңгеден аса берешегі бар «OLIMP KZ» букмекер компаниясы орналасқан. Бұл мекеменің жалғыз иесі Анарбек Жауыров заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру мақсатында қылмыстық топ құрды және салықтан жалтарды деген айыппен 2021 жылы сотталып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Ірі борышкерлер қатарындағы «GB Invest» компаниясының төлемеген салығы 49,2 млрд теңгені құрайды. Ашық дереккөздерде акционері Наджиб Файез деп көрсетілгенімен, 2018-2023 жылдары құрылтайшылар қатарында Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира болғандықтан, басылымдар оны да Назарбаев әулетімен байланыстырады. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, бұл компания да заңсыз сауда-саттықпен айналысқан.

Бұдан бөлек мемлекетке берешегі бар ірі компаниялардың тізіміне 28,6 млрд теңгемен «Астана-Финанс» акционерлік қоғамы, 20,7 млрд теңгемен «Кастинг» ЖШС және 10 млрд теңге қарызбен «ҚазГерСтрой» компаниясы кірген. Adata.kz сервисінің мәліметінше, «Астана-Финанс» құрылтайшыларының тізімі жасырын болса, 2004 жылы құрылған астаналық «ҚазГерСтрой» тікелей Қайрат Сатыбалдының ұлы Нұрсұлтан Бауыржан мен Айдар Лазаровқа тиесілі Bereke Astana Group арқылы басқарылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий