Назарбаевтар мен Мәсімов әулетінің сенімді серігі қамауға алынды

26.12.2025 13:09 Арман Ермеков Арман Ермеков
Назарбаевтар мен Мәсімов әулетінің сенімді серігі қамауға алынды
0
1267
Фотоколлаж: Politico.kz

Назарбаевтар мен Мәсімов әулетіне қатысы бар кәсіпкер қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі ірі көлемдегі мүлікті жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. «Qarmet» компаниясының құқықтық мирасқоры саналатын «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамынан қомақты қаржы жымқырды деген күдікпен «АлбаСтройДор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Ким ұсталды.

Фото: albastroydor.kz. Суретте: Сергей Ким Георгиевич

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек 2015 жылы металлургиялық комбинат пен аталған серіктестік арасында келісімшарт жасалған. Алайда Сергей Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдалана отырып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Бұл әрекетті жүзеге асыру үшін «Күзет» деп аталатын күзет ұйымының қызметкерлері тартылып олар жүк көліктерінің бақылаусыз өтуін қамтамасыз еткен.

Ұрланған мүлікті заңдастыру мақсатында кәсіпкер өзінің бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» компанияларын пайдаланған. Осылайша жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден асатын 31 мың тонна өнім қолды болған. Қазіргі уақытта Сергей Ким 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Сергей Ким деген кім?

Айта кету керек Сергей Ким көп жылдар бойы тасада қалып келген тұлға және бұқаралық ақпарат құралдарында ол ықпалды әулеттердің сенімді өкілі ретінде сипатталады. Оның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовпен байланысы туыстық қатынастар арқылы өрбиді. Атап айтқанда қазір тергеуге ілінген «АлбаСтройДор» компаниясының құрылтай құжаттарында ұзақ уақыт бойы Кәрім Мәсімовтің туған ағасы(әкесінің інісі) Мырзахан Мәсімов Қасымұлының есімі тіркелген. Тергеу болжамы бойынша жоғары жақтан болған осы қамқорлық Кимге металлургиялық комбинат ресурстарына шексіз қолжетімділік берген.

Сонымен қатар күдіктінің Назарбаевтар әулетімен де тығыз іскерлік байланысы бар екені анықталды. Ол 2015-2017 жылдары Алматыдағы әйгілі «Кенжехан» базарына иелік еткен тұңғыш президенттің қарындасы Әнипа Назарбаеваның жақындарымен серіктес болған. Металл қалдықтарымен жұмыс істеу үшін құрылған «Grand Smithy Works Kazakhstan» компаниясының құрылтайшылары ретінде Сергей Ким мен Әнипа Назарбаеваның қызы Эльмира Жылқыбаева тіркелген. Сондай-ақ күдікті Әнипаның күйеу баласы Азамат Жылқыбаевпен жақындасып сол арқылы күштік құрылымдар мен салық органдарындағы мәселелерін шешіп отырған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар әулетінің ықпалы әлсіреген тұста активтерді жасыру операциясы басталған. «Кенжехан» базары бұрын ресми түрде Әнипа Назарбаеваға тиесілі болса, кейіннен ол «Митра» серіктестігіне ауыстырылған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап бұл компанияның қожайыны ретінде Татьяна Манушина тіркелген. Ол Сергей Кимнің екінші әйелі саналады. Кейінірек актив Кимнің енесі Александра Манушинаның атына жазылған.

Сонымен қатар 2024 жылы Сергей Кимде 11 жалған компания бары туралы айтылған болатын. 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий