Назарбаевтың қарындасына тиесілі компания 100 млрд теңгеге жуық қарызымен банкрот болғысы келеді
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Group of the companies TDA компаниясын банкрот деп танудан бас тартты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл компанияның тең иелері – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаева және оның серіктесі Әли Қылышбаев.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың 16 қаңтарындағы жағдай бойынша компанияның салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша қарызы 99,2 млрд теңгені құраған.
Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында тіркелген компания кең ассортименттегі тауарларды көтерме саудамен айналысқан.
Компания сотқа өздерінің төлем қабілетсіз екенін және салық қарызын өтеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, банкрот деп тануды сұраған.
Алайда сот компанияның қаржылық жағдайын толық анықтауға қажетті құжаттар ұсынылмағанын атап өтті. Соңғы үш жылдағы бухгалтерлік есеп, шоттардағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер де берілмеген.
Сондықтан сот компанияның нақты төлем қабілетсіздігі дәлелденбеді деген қорытындыға келіп, банкроттық рәсімін бастау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін Group of the Companies TDA компаниясы Қытайдан тауарларды заңсыз әкелді деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, компания 100 контейнер тауарды контрабанда жолымен әкеліп, жалған шот-фактуралар рәсімдеген.
Мемлекетке ҚҚС, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша келтірілген шығын шамамен 10 млрд теңгені құраған. Тергеу барысында 643 млн теңге қайтарылып, сондай-ақ 1,3 млрд теңгеге тауар мен 300 млн теңгенің мүлкіне (жер телімдері, көліктер) тыйым салынған.
Бұл іс бойынша кінәлі деп танылған адамдар 1,4 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған, ал бір қатысушы халықаралық іздеуге жарияланған.
Соңғы жаңалықтар