Назарбаевтың құдасы негізін қалаған компания «ҚазМұнайГаз» меншігіне өтті

02.06.2026 17:34 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Назарбаевтың құдасы негізін қалаған компания «ҚазМұнайГаз» меншігіне өтті
153
Фото: instagram.com/kairat4

Миллионер Қайрат Боранбаевтың бұрынғы активі саналатын «Phystech II» мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының меншігіне өтті, деп хабарлайды kursiv.media.

Қаржылық есептілік депозитарийінің мәліметіне сүйенсек, Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай мен газ өндіретін кәсіпорын биылғы 29 мамырда ұлттық компанияның теңгеріміне берілген. Алайда бұл ақпарат көпшілікке енді ғана жарияланып отыр.

Бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасқан «Phystech II» компаниясы аталған кен орнын 2078 жылға дейін игеру құқығына ие. Осылайша жаңа нысанның қосылуымен «ҚазМұнайГаз» активтерінің жалпы саны 66-ға жетті.

Кәсіпорын 2015 жылы Маңғыстаудағы мұнай кен орнын игеру мақсатында тіркеліп, оның негізін қалаушылардың қатарында Қайрат Боранбаев болған. Естеріңізге сала кетсек, кәсіпкердің қызы Әлима 2013 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шығып, екі әулет құдаласқан болатын. Сол тұста миллионер өзінің мұнай активін тікелей өз атына емес, «ҚазТурбоРемонт» холдингіне тіркеп, оның игілігін 2023 жылға дейін сегіз жыл бойы көріп келді.

Алайда 2022 жылдың наурызында Боранбаев қамауға алынып, бір жылдан соң ірі көлемде қаражат жымқырды және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген айыппен сегіз жылға сотталды. Кейіннен Астана соты кәсіпкердің мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеп, активтерді қайтарғанын ескеріп, жаза мерзімін алты жылға дейін қысқартқан. Ал қараша айында сот шешімімен оның түрмедегі жазасы бостандықты шектеуге ауыстырылып, экс-шенеунік бостандыққа шықты. Мемлекетке қайтарылған ірі активтердің тізімінде дәл осы «Phystech II» компаниясы да болған еді.

Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, жиындық активтері 11,7 млрд теңгені құрайтын бұл компания 2023 жылы 35,4 млрд теңгеге бағаланған. Сол уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры аталған кәсіпорынды Қаржы министрлігінен 8,1 млрд теңгеге сатып алып, осы күнге дейін PHYS тикерімен тіркелген акциялардың 100 пайызына иелік етіп келген. Енді қолдан қолға өткен Маңғыстаудағы ірі мұнай активі ресми түрде «ҚазМұнайГаз» құрамына кіріп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий