Неліктен Бишімбаев бұрынғы әйелімен алимент келісімін бұзғысы келеді, адвокат түсіндірді

Неліктен Бишімбаев бұрынғы әйелімен алимент келісімін бұзғысы келеді, адвокат түсіндірді
08.04.2025 09:29
0
379
kaztag.kz
Бишімбаевтың адвокаты алимент дауына қатысты мәлімдеме жасады

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов бұрынғы жұбайы Назым Қаһарманмен арадағы алимент келісімін өзгерту себептерін түсіндірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бұған дейін Назым Қаһарман әлеуметтік желіде Қуандық Бишімбаевтың отбасы алимент төлеуден бас тартты деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Бишімбаевтың анасы алимент пен өзге шығындарды төлеуден бас тартқан.

Ал адвокат Ерлан Ғазымжанов бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Қуандық Бишімбаев алимент төлеуден бас тартып отырған жоқ. Ол тек қазіргі уақытта табысының айтарлықтай өзгеруіне байланысты бұрынғы алимент келісімін өзгертуге немесе бұзуға ниетті. Қазір оның табысы мүлде жоқ, өйткені ол бас бостандығынан айырылған. Заң табысы айтарлықтай өзгерген жағдайда келісімшартты қайта қарауға мүмкіндік береді», – деді адвокат.

Ғазымжановтың айтуынша, Бишімбаевтың ата-анасы біраз уақыт өз еріктерімен бұрынғы келісімдегі соманы төлеуді жалғастырған.

«Алайда Назым Қаһарман Бишімбаевтың егде тартқан ата-анасын жиі қорлап, оларға балалармен араласуға кедергі келтірген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде оларға қарсы психологиялық шабуылдар ұйымдастырғандықтан, ата-анасы алимент сомасын уақытша азайтуға шешім қабылдады. Олар қазіргі уақытта балаларына жеткілікті деп есептеген сомада көмек көрсетуде», – деді адвокат.

Ерлан Ғазымжанов Назым Қаһарманға алимент келісімінің шарттарын қайта қарауды ресми түрде ұсынғандарын, ал келіспеген жағдайда істі сот арқылы шешуге мәжбүр болатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2024 жылдың маусымында жұбайы Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтіргені және оны азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Ақпарат informburo.kz сайтынан алынған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий