«Нүкенованың тағдырына ұқсайды»: ақмолалық әйелді азаматтық некедегі күйеуі сабап өлтірді

12.06.2026 17:42 Әсел МҰРАТ
«Нүкенованың тағдырына ұқсайды»: ақмолалық әйелді азаматтық некедегі күйеуі сабап өлтірді
216
Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысы Щучье қаласында ер адам бұрынғы қызын өлімші етіп сабап, мерт қылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жазды. Айтуынша, марқұм сіңлісіне бұрынғы жігіті маза бермей, қыр соңынан аңдыған. 

«Менің сіңілім Әсем Шабельская қатыгез зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Оны Алмаз Мадиев есімді азамат қорлап, азаптап, ұрып-соғып, кейін өлтірген. Олар біраз уақыт кездесіп жүрген. Алайда күзде Әсем оның агрессивті мінез-құлқына шыдай алмай, бұл қатынасты тоқтатуға шешім қабылдаған. Бірақ жігіт бұл шешімді қабылдай алмаған. Ол сіңлімді үнемі аңдып, бұғаттағаннан кейін де түрлі нөмірлерден қайта-қайта қоңырау шалып, жұмыс орнының маңында күтіп, мазасын алып, тыныштық бермеген», - деп жазды марқұмның әпкесі.

Айтуынша, амалы таусылған Әсем бұрынғы жігітімен жалдамалы пәтерде кездескен. Сол жерде жігіт қызды аса қатыгездікпен өлтіріп, артынша қылмыстың ізін жасыруға тырысқан.

«Бірнеше күн бұрын Әсем онымен кездесуге келіскен. Ол оны жалдамалы пәтерге алып барып, сол жерде түні бойы аяусыз соққыға жыққан. Алмаз Әсемнің ес-түссіз күйге түскенін көрсе де жедел жәрдем шақырмаған. Керісінше, ол пәтерді де, сіңілімнің денесіндегі қанды да жуып-тазалап, оқиғаның ізін жасыруға тырысқан. Осылайша ол Әсемнің өмірін сақтап қала алатын аса қымбат уақытты жоғалтты. Тек біраз уақыт өткеннен кейін ғана жедел жәрдем шақырып, болған жағдайды жасыруға әрекет еткен. Дәрігерлерге Әсем батареяға соғылып қалған деп айтқан. Бірақ бұл — өтірік. Менің сіңілімнің қабырғалары сынған, бауыры жарылған, ал бүкіл денесі мен беті соққы іздері байқалады, көгерген және қанталаған. Мұндай ауыр жарақаттарды кездейсоқ батареяға соғылумен түсіндіру мүмкін емес», - дейді Әсемнің әпкесі.

Марқұмның туыстары істің әділ тергелуін, қылмыскердің қатаң жазалануын талап етіп жатыр. Айтуларынша, бұл оқиға қоғам назарын аударғанда ғана кінәлі жауапкершіліктен құтылып кетпейді.

«Ең ауыры — қазір бұл іс «абайсызда адам өліміне әкелу» бабы бойынша қарастырылып жатыр. Біздің отбасы бұнымен түбегейлі келіспейді. Біз кінәлі адам өз ісіне сай әділ әрі қатаң жаза алуы тиіс деп есептейміз. Біз бұл оқиғаның барынша кең таралуын сұраймыз. Тек қоғамның назарында болған жағдайда ғана бұл іс жабылып қалмайды және кінәлі жауапкершіліктен құтылып кетпейді. Біздің отбасымыз үшін қазір ең маңыздысы — шындықтың ашылып, әділеттің орнауы», - дейді марқұмның әпкесі.

Әсемнің артында 6 және 8 жастағы екі баласы қалды. Төрт жыл бұрын олар әкесінен айырылған. Енді анасынан да айырылып отыр. 

Осы оқиғаға қатысты Ақмола облыстық полициясынан ресми түсініктеме алдық.

«Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша жанжал барысында ер адам әйелге дене жарақаттарын н. Салдарынан әйел көз жұмды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желідегі халық бұл оқиға азаматтық некедегі күйеуі, экс-министр Қунадық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың өліміне ұқсайтынын жазып, кінәлі адамның жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий