Полиция екі баланың анасын өлтірген ер адам қандай баппен сотталатынын айтты

15.06.2026 17:50 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Полиция екі баланың анасын өлтірген ер адам қандай баппен сотталатынын айтты
269
Фото: threads.com/@11.08.zhanzakova.23.01

Ақмола облысының Щучье қаласында бұрынғы жігітінің қолынан қатыгездікпен қаза тапқан Әсем Шабельскаяның ісіне қатысты жаңа деректер шықты. Полиция екі баланың анасын азаптап өлтірді деген күдікке ілінген азаматтың нақты қандай бап бойынша жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға жақында ғана болған. Марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде халықтан қолдау сұрап, істің жантүршігерлік мән-жайын ашып айтты. Оның сөзінше, күдікті Алмаз Мадиев ажырасқаннан кейін де Әсемнің соңынан қалмай, үнемі аңдып, маза бермеген.

Ақыры әйелді кездесуге көндіріп, жалдамалы пәтерде түні бойы аяусыз сабаған. Қансырап, ес-түссіз жатқан әйелге ол бірден жедел жәрдем шақырмай, керісінше, қылмыс ізін жасыруға тырысқан.

Туыстарының айтуынша, марқұмның қабырғалары сынып, бауыры жарылған, денесінде сау тамтық қалмапты. Артында 6 және 8 жастағы екі кішкентай баласы жетім қалды.

Бастапқыда марқұмның жақындары істің тым жеңіл баппен қаралып жатқанына қарсылық білдірген еді. Олар мұны абайсызда болған жағдай емес, қасақана жасалған аса ауыр қылмыс деп санап, күдіктіге ең қатаң жаза кесуді талап еткен.

Ақмола облыстық полиция департаменті нақты қандай бап бойынша тергеу жүріп жатқанын нақтылады. Құқық қорғау органының мәліметінше, қазіргі таңда қылмыстық іс ҚК-нің 106-бабы, 3-бөлігі (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша жүргізілуде.

Бұл баптың санкциясына сәйкес, айыпталушының мүлкі тәркіленіп, өзі 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазір күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жабылған.

Әсем Шабельскаяның қазасы әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Көпшілік бұл қатыгез қылмысты бүкіл елді дүр сілкіндірген Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың ісімен тікелей салыстырып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий