Нумеролог Ирина Раззақ: Ажырасқанымды анама үш айдан соң айттым

24.07.2026 21:33 Томирис САҒЫНДЫҚ
Нумеролог Ирина Раззақ: Ажырасқанымды анама үш айдан соң айттым
56
Фото: видеодан скриншот

Танымал нумеролог Ирина Раззақ не себепті ажырасуға бел байлағанын және бұл шешімін ата-анасынан неліктен үш ай бойы жасырып келгенін ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол TalkLike бағдарламасында айтты.

«Өмірден бір нәрсенің немесе адамның кеткенін қаласаң, арнайы сылтау іздеудің де қажеті жоқ. Тек іштей келіспеушілік танытсаң болғаны — ол адам сенің өміріңнен өзі-ақ алыстай бастайды. Бұл тек жұбайлар арасындағы қарым-қатынасқа ғана қатысты емес. Ата-анаға, балаға немесе жұмысқа деген сүйіспеншілік пен зейін азайса, ара-қашықтық алшақтай береді. Кейде ата-анамызға жеткілікті назар аудармай, «Ой, мамам да, папам да үнемі осылай істейді» деп іштей жақтырмаушылық танытсақ, «Көзіме көрінбей, кедергі болмай тезірек кетсе екен» дегендей теріс энергия жібереміз. Осылайша олардың өмірден ерте кетуіне өз қолымызбен ықпал етіп жатамыз», — деді Ирина Раззақ.

Сонымен қатар, нумеролог отбасының ажырасуына түрткі болған негізгі себептерді ашып айтып, бұл хабарды ата-анасының қалай қабылдағанын да жасырмады.

«Махаббат, сүйіспеншілік пен сыйластық таусылған жерде мейлі ол зат болсын, адам болсын, өміріңнен ысырыла береді. Біздің де некеде сыйластық пен сезім өшкенде, соңы айрылысуға алып келді. Әрине, мұндай шешімді қабылдамас бұрын бәрін жан-жақты саралап, ақылға салып ойландым. Алғашында бұл жағдайды анама айтып ақылдасқанымда, ол бірден қарсы болды: «Үйдің жалғыз қызысың, ел-жұрт не айтады? Сонша жетістікке жетіп, шалқып жүріп, соңында осындай күйге түстің бе деп табалайды» деп қатты уайымдады. Сөз арасында түсініспеушілік көбейіп, реніштер де болды. Сонда анама: «Қаласаңыз, өзіңіз тұрмысқа шығыңыз ол жігітке, ал мені жайыма қалдырыңыздар» деп кесіп айтқан сәттерім де болды», — деді маман.

Сондай-ақ, ол тәуекелге бел байламас бұрын, ешкімге кіріптар болмау үшін өзінің материалдық жағдайын толықтай реттеп алғанын да тілге тиек етті.

«Біз ол кезде ауылдан қалаға көшіп келген едік, сондықтан бұл жаңалықты ешкім біле бермейтін. Намысты қолдан бермей, сырымды сыртқа шашқым келмеді. Тіпті анама да ажырасқанымды арада үш ай өткенде, іштей толық сабырға келіп, шешімімнен ешкім қайтара алмайтынына көзім жеткенде ғана хабарладым. Ең бастысы — біреуге телмірмеу еді. Ажырасқан соң «балаларыма көмектес, материалдық жағдайымды жасап бер» деп алақан жайып, біреуге кіріптар болғым келмеді. Өйткені «көзден кетсе, жүректен де кетеді». Сол себепті ажырасуға бел бумас бұрын, алдымен өз бизнесімді, баспанамды және жеке қаржылық тәуелсіздігімді толықтай реттеп алдым. Шешімімнің нақты екенін ұғынған соң, тек өз күшіме сүйеніп, болашағыма жоспар құра бастадым», — деді Ирина Раззақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий