Нұрай Серікбай ісі бойынша тергеу аяқталды

14.06.2026 18:09 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Нұрай Серікбай ісі бойынша тергеу аяқталды
88

Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты көптің жағасын ұстатқан қылмыстық істі тергеу аяқталды. Жәбірленуші тарап қазірдің өзінде іс материалдарының алғашқы жеті томымен танысып үлгерген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы марқұмның жақындарының мүддесін қорғайтын адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді.

"Нұрай ісі бойынша тергеу амалдары аяқталды. Бүгінгі таңда жәбірленуші тарап пен оның адвокаты қылмыстық істің бірінші томнан жетінші томға дейінгі материалдарымен танысып, олардың көшірмелерін алды. Қазіргі уақытта танысу жалғасуда. Процестің барлық қатысушылары заңда көзделген құқықтарын толық жүзеге асырғаннан кейін іс сотқа жіберіледі", – деді ол.

Еске салайық, биыл 11 қаңтарда Шымкент көшелерінің бірінде студент Нұрай Серікбайды қатыгездікпен пышақтап кеткен болатын. Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тіпті, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл іске тоқталып, қыз алып қашудың өте ауыр қылмыс екенін қатаң ескертті.

Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін Шымкент полициясында ауқымды тексеріс басталып, департамент бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен қуылды. Оған қоса, бірқатар қызметкер жұмыстан шығарылды.

Сонымен қатар, марқұмның бұған дейін «күштеп некеге тұрғызу» туралы жазған арызына салғырт қараған тәртіп сақшыларының үстінен Ішкі істер министрлігі жеке қылмыстық іс қозғады.

Оқиға орнында ұсталған 28 жастағы Шерхан Аймахан қазір тергеу изоляторында отыр. Басында күдікті мәжбүрлі түрде емделуге жіберілгенімен, сот-психиатриялық сараптама оның ақыл-есі дұрыс екенін растады. Енді ол заң алдында толық жауап береді.

Тергеу барысында қылмыстық іс «Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлімі» бабына қайта сараланды. Бұл бап бойынша айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий