Нұрайды пышақтап өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды

13.08.2026 17:45 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Нұрайды пышақтап өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды
344
Коллаж Politico.kz/Фото: kazinform

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтірген 28 жастағы Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгін, 13 тамызда Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша үкім оқылды. Судья Самиддин Темірәлиев айыпталушыны «адамды аса қатыгездікпен өлтіру», «некеге тұруға мәжбүрлеу» және «сталкинг» баптары бойынша кінәлі деп тапты. Ол жазасын төтенше қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды.

Сонымен қатар, сотталушыдан Нұрайдың туыстарына моральдық өтемақы ретінде 25 млн теңге өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және оған шағымдануға болады.

Айта кетейік, бұған дейін прокурор Мадияр Әбілқасымов сотталушыны өмір бойына қамауға алуды сұраған еді.

Шымкенттегі шулы іс қалай басталды?

Қайғылы оқиға 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкенттегі Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болды. Демалысқа келген Нұрай ата-анасының үйіне жақын маңдағы жаяу жүргіншілер өткелінде шабуылға ұшырады. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрлар бойынша ер адам қызды аяусыз пышақтаған. Сот-медициналық сараптамасы құрбанның мойын және кеуде тұсына жалпы саны 35 рет соққы жасалғанын растады.

Криминалист сарапшы манекеннің көмегімен қыздың барлық 35 соққыны тірі кезінде алғанын сотта дәлелдеп берді. Оның сегізі өмірлік маңызы бар ағзаларды зақымдаған. Өлімге көп қан жоғалту мен геморрагиялық шок себеп болды. Қылмыс жасағаннан кейін қашып кеткен күдікті екі тәуліктен соң қаладан 10 шақырым жердегі ашық далада ұсталды.

Бұл оқиға 2025 жылдың жазында басталған. Нұрай Серікбай тойда Шерхан Аймаханмен танысып, кейін оның тұрмысқа шығу туралы ұсынысынан бас тартқан. Қазан айында ер адам қызды Алматыдағы жалдамалы пәтерінің жанында аңдып, Түркістан облысындағы туыстарының үйіне күштеп алып қашқан. Оны ағалары мен полиция қызметкерлері құтқарып қалды. Қыздың отбасы адам ұрлау фактісі бойынша полиция мен прокуратураға үш рет арыз түсірді. Бірақ Шымкент тәртіп сақшылары салғырттық танытып, қылмыстық іс қозғамаған.

Осыдан кейін Аймахан Нұрайдың ізіне түсіп, нағыз сталкинг ұйымдастырған. Ол қыздың үйін аңдып, бір жарым сағаттың ішінде 76 рет қоңырау шалған кездері де тіркелген. Бұл іс президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң реакциясын тудырды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қызметтік тексеру жүргізіліп, Шымкент полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен қуылды. Ал салғырттық танытқан қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Сот процесі биыл жазда басталды. Айыпталушы қатыгездікпен кісі өлтіру, ізіне түсу және адам ұрлау айыптарын мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Ол Нұраймен жақын романтикалық қатынаста болдым деген нұсқаны алға тартты. Сондай-ақ қыз бірінші болып пышақпен шабуыл жасады деп мәлімдеді. Сотталушының сөзінше, ол 2019 жылғы бас жарақатына байланысты аффект жағдайына түсіп, соққыларды қалай жасағанын есіне түсіре алмайды.

Алайда Алматы сот сараптамалары институтының мамандары қорғаушы тараптың бұл уәжін жоққа шығарды. Психиатр Темірлан Сейтек пен психолог Күләш Қожамжарова сотталушыда обсессивті-компульсивті бұзылыс бар екенін растады. Бірақ бұл оның өз әрекеттерін толық түсінуіне кедергі келтірмегенін және аффект жағдайы мүлдем болмағанын кесіп айтты. Сот айыпталушының адвокаттарына қайталама психологиялық сараптама жасаудан бас тартты.

Соттағы тағы бір маңызды эпизод бұрынғы полицейлер таратты делінген ескі бейнежазбаға қатысты болды. Онда Нұрай көлікке өз еркімен отырғанын және Аймаханға ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан. Бірақ сот сараптамасы қыздың бұл сөздерді қысыммен айтқанын дәлелдеді. Сонымен қатар қорғаушылар жауап алу бейнежазбалары мен тергеу хаттамаларындағы сәйкессіздіктерге байланысты кейбір құжаттарды істен шығаруды сұрады. Сот бұл өтініштердің бірін қанағаттандырды.

Марқұмның туыстары сотталушыдан 14,7 млн теңге материалдық шығын мен 10 млрд теңге моральдық өтемақы талап етті. Жәбірленушінің ағасы Сұлтан Серікбай мұндай қыруар соманың әдейі сұралып отырғанын түсіндірді. Оның мақсаты – қылмыскерге өмір бойы қарыз төлетіп, жасаған ісін ешқашан ұмыттырмау. Талап қанағаттандырылған жағдайда бұл қаражат сталкинг құрбандарына көмектесетін қайырымдылық қорына аударылатыны айтылды.

Соңғы сөзінде Шерхан Аймахан марқұмның отбасынан кешірім сұрады.

«Мен оны қатты жақсы көрдім», – деді Шерхан Аймахан.

Сотталушы 15,7 млн теңге көлеміндегі материалдық шығынды төлеуге келісті. Бірақ 10 млрд теңгелік шағымды мойындаған жоқ. Ол бейнежазбадағы шабуыл небәрі 9-10 секундқа созылғанын айтып, осынша аз уақытта 35 рет пышақ сілтеу мүмкін емес деп дауласты.

Войдите, чтобы оставить комментарий