Нұрлан Әбдіров Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалды
Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Әбдіров бұған дейін де осы қызметті атқарған. Ол Президенттің 2022 жылғы 25 қаңтардағы №784 жарлығымен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді.
Нұрлан Әбдіров кім?
Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров 1961 жылғы 12 қаңтарда дүниеге келген. Мамандығы – заңгер-құқықтанушы. Заң ғылымдарының докторы, профессор.
КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін және Мәскеудегі КСРО Ішкі істер министрлігінің Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының күндізгі адъюнктурасын бітірген. Германиядағы Дж. Маршалл атындағы Қауіпсіздік мәселелерін зерттеу жөніндегі Еуропалық орталықта басшы құрамға арналған 4 айлық курстан өткен.
Қандай қызметтер атқарған?
1982 жылғы қыркүйектен 1997 жылғы маусымға дейін Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебінде оқытушылық қызмет атқарған. Кейін Қазақстанның Есірткіні бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хатшысы болып, бұл қызметте 2000 жылғы мамырға дейін жұмыс істеген.
2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы қыркүйекке дейін Есірткіге тәуелділікке және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары болған. Осы кезеңде Әділет министрлігінің Есірткіге тәуелділікке және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары қызметін де атқарған.
2002 жылғы қыркүйектен 2005 жылғы маусымға дейін Қауіпсіздік кеңесі хатшылығында мемлекеттік инспектор, Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі болған. Сондай-ақ хатшылық меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған.
2005 жылғы маусымнан 2009 жылғы қыркүйекке дейін Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары – Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі болған.
2009 жылғы қыркүйектен 2020 жылғы тамызға дейін төртінші, бесінші және алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Осы кезеңде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
2020 жылғы тамыз–қыркүйекте Парламент Сенатының депутаты болған. Сол жылғы қыркүйектен 2022 жылғы қаңтарға дейін Сенат төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Нұрлан Әбдіров «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық ассамблеясының «Содружество» орденімен және медальдермен марапатталған.
Соңғы жаңалықтар