Нұртас Адамбай уағызшы туралы: Ол болмағанда, өз ақымақтығымды көрмес едім
Актёр әрі режиссёр Нұртас Адамбай Жетісайда тойда уағыз айтқан азаматқа қатысты пікір білдіріп, бұған дейін берген эмоционалды реакциясы үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Нұртас Адамбай "Замандас" подкастында әңгімеледі.
Оның айтуынша, тойда шариғат талаптарын айтып, ескерту жасаған ер адамды «ақсақал» деп бағалау жас ерекшелігіне сай келмейді. Сонымен бірге ол осы жағдайға қатысты бұрын білдірген сыни пікірін қайта қарағанын атап өтті.
«Біріншіден, меніңше, ол жердегі азамат айтарлықтай жас сияқты болды. Елдің бәрі оның өсірген сақалына қарап, «ақсақал» деп кеткен сияқты. Маған ол кісі елу жастар шамасында болып көрінді. Жай ғана сақалы өсіңкі болғандықтан, үлкен адам болып көрінеді. Ал оның айтқан сөзіне келетін болсақ... Мен оны көрген кезде өте жаман әсерде болдым. Егер бұл бейнежазбаны ол кісінің өзі немесе жақындары көріп жатса, сәлем жолдап, кешірім сұрағым келеді. Ол кісіні сөгіп, негативті реакция білдіргенім үшін кешірім өтінемін. Бұл менің ақымақтығымнан болды, себебі біреуді айыптап отырған мен де ақымақпын», — деді Нұртас Адамбай.
Продюсер бұл оқиғаны өзі үшін маңызды өмірлік сабақ болғанын жеткізді. Ол бұрын өзі де өзгелерге діни көзқарасын таңуға тырысқанын мойындап, бұл әрекеттің қате болғанын түсінгенін айтты.
«Иә, бұл сабақ үшін ол кісіге алғысымды айтамын. Егер ол болмағанда, бойымдағы мынадай өрескелдік пен өз ақымақтығымды көрмес едім. Сондай реакция білдіргенімнің өзі — өз ішімдегі кемшілікті байқағанымның белгісі. Мен де тура солай жасамасам да, бұрын соған ұқсас әрекеттерге бой алдырған едім. Тойға барып тост айтқан кезде, өзімді дінді жақсы білетін маман немесе тақуа адам сияқты ұстағым келетін. Сондай бейнеде жүргенді ұнаттым және мұны өте дұрыс нәрсе деп есептедім. Кейін келе адамдарға өз көзқарасымды таңып жүргенімді түсіндім. Маған бір нәрсе қызық болса, ол барлық адамға бірдей қызық болуы тиіс деген сөз емес. Керісінше, бұл кері әсер беруі де мүмкін екенін ұқтым. Дінге қатысы бар адам әркімге өз сөзін таңа берсе, бұл дұрыс емес. Өз қателігімді толық мойындаймын. Бірақ мұның қателік екенін түсіну үшін де бұл жолдан өтуім қажет болды», — деді режиссёр.
Сонымен қатар Нұртас Адамбай қоғамдағы діни уағыз жүргізу құзыреті мен музыкаға қатысты жеке ұстанымын білдірді. Оның пікірінше, кез келген мәселеде кәсіби білім мен арнайы дайындық маңызды.
«Бұны «пропаганда» деп айта аламын ба, жоқ па, оны білмеймін... Меніңше, мәселені ол деңгейге жеткізбей-ақ, ең бастысы — әркім өзінің ісімен айналысуы тиіс. Біреуге уағыз айту үшін белгілі бір білімің мен құзыретің болуы қажет. Өйткені, мысалы, ол кісінің айтқан пікірімен мен келіспеймін. Мен музыканы «харам» деп есептемеймін. Шын мәнінде, мұндай тыйым еш жерде жазылмаған. Мен өзім сыйлайтын, біліміне кәміл сенетін адамдармен кеңестім. Маған «музыкаға ешқандай тыйым жоқ» деп айтқанда, жүрегім орнына түсті. Мен бұл сұраққа өз жүрегіммен жауап бердім. Бұл — менің жеке пікірім, оны біреуге ақиқат деп дәлелдегім келмейді. Бірақ мен үшін музыка харам емес. Білімің жеткілікті болмай тұрып, мұндай нәрселерді көпшілікке жариялау кері әсерін тигізуі мүмкін», — деді Нұртас Адамбай.
Соңғы жаңалықтар