ОББ: Ресейлік сарбаздар соғыста жарты сағат қана өмір сүреді

17.07.2026 15:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ОББ: Ресейлік сарбаздар соғыста жарты сағат қана өмір сүреді
159
Фото: magnific.com

Украинадағы соғысқа аттанған ресейлік сарбаздар ұрыс даласында орта есеппен 20-30 минут қана өмір сүреді, деп хабарлайды Deutsche Welle.

Мұндай мәліметті 15 шілдеде Пенсильвания штатында өткен қорғаныс және инновациялар саммитінде АҚШ Орталық барлау басқармасының (ОББ) басшысы Джон Рэтклифф айтты. Оның сөзіне қарағанда, майдандағы жағдайдың бұлай өзгеруіне жасанды интеллектпен басқарылатын дрондардың қарқынды дамуы себеп болып отыр.

"Біздің барлау мәліметтеріміз Украинадағы ашық дереккөздерден тараған ақпаратпен толық сәйкес келеді", – деді Джон Рэтклифф.

Басқарма басшысының пайымдауынша, жасанды интеллект орнатылған ұшқышсыз аппараттар арзан әрі тиімді қаруға айналғандықтан, әскерилердің аман қалуы барынша қиындаған. Украинаның жаңа технологияларды меңгеруі соғыстағы күштерді теңестіріп, ресейлік армияның ілгерілеуін айтарлықтай бәсеңдеткен.

Вашингтондағы CSIS сараптама орталығының мәліметінше, 2026 жылы Ресей армиясының адам шығыны Украина қарулы күштерінен сегіз есе асып түскен. Зерттеушілер 2022 жылдың ақпанынан бері екі тараптан қаза тапқандар, жараланғандар мен із-түзсіз жоғалғандар саны шамамен 2 млн адамға жеткенін алға тартады. Бұл көрсеткіштің 1,4 млн адамы Ресейге тиесілі.

Сарапшылардың айтуынша, бұрын шығын арақатынасы екіге бір немесе үшке бір болса, 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш сегізге бір деңгейіне жеткен. Деректерге сүйенсек, Ресей әскеріндегі шығынның 90 пайызы тікелей қақтығыстардан емес, дәл осы дрондардың соққысынан болып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий