Олжас Бектенов көктемгі су тасқынына дайындыққа байланысты отырыс өткізді

05.03.2026 15:44 Арман Ермеков
Олжас Бектенов көктемгі су тасқынына дайындыққа байланысты отырыс өткізді
48
Фото: Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсы
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз қызметі Үкімет басшысының өңірлердегі көктемгі су тасқынына дайындық барысын тексергенін хабарлады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысына арнайы барып, Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың көшпелі отырысын өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет басшысы биылғы тасқын қаупін арттыратын негізгі себептер ретінде қалың қарды және күзгі жаңбырдан кейін топырақтың терең қатып қалуын атады. Кейбір аймақтарда өзен арналарын тазарту, жағалауды бекіту және елді мекендерден қар шығару жұмыстары әлі күнге дейін толық аяқталмаған. Осыған байланысты Олжас Бектенов әкімдерге қауіпті аймақтарды аралап, нақты шара қабылдау үшін бір апта уақыт берді.

«Сондықтан кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе елді мекендердің маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Сол себепті бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек», – деді Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше биылғы наурыз бен сәуір айларында ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері қалыпты нормадан жоғары болады. Қазіргі кезде Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау және Жетісу облыстарында су басу қаупі жоғары деңгейде тұр. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қауіп төмен. Мұздың қалыңдығы мен топырақтың қатуы әсіресе бес облыста күрделі болып отыр.

Еліміздегі су қоймаларының басым бөлігі қалыпты режимде жұмыс істеп тұрса, оңтүстік өңірлердегі нысандар еріген қар суын жинауға көшкен. Көлік министрлігі тасқын қаупі бар 200-ден астам жол учаскесін бақылауға алып, онда арнайы техникалар мен тас, құм сияқты қажетті материалдар қорын дайындады, сондай-ақ мыңдаған су өткізгіш құбырларды тазартып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі 1 наурыздан бастап тәулік бойы кезекшілікке көшті. Құтқару қызметі ықтимал қауіпке 39 мыңнан астам адам мен 18 мың техниканы сақадай сай етіп отыр. Биылдан бастап су тасқынының алдын алу үшін жасанды интеллект негізіндегі «Tasqyn» жүйесі мен арнайы дрондар белсенді қолданыла бастады. Бұл жаңа технологиялар су деңгейін қашықтан бақылап, тәуекелдерді алдын ала есептеуге және құтқарушыларға жедел ақпарат беруге мүмкіндік береді.

Жиын барысында Щучинск мен Семейде болған қайғылы оқиғалар да сөз болды. Премьер-министр газ баллонының жарылуы мен ойын-сауық орталығындағы өрт сияқты жағдайларды қайталамас үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Отырыс соңында әкімдіктерге елді мекендердің айналасын бөгеттермен бекітіп, дәрі-дәрмек, жанармай және азық-түлік қорын дайындау, сондай-ақ халықты дер кезінде эвакуациялау жоспарын пысықтау міндеттелді. Бұл жұмыстардың барлығын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тікелей үйлестіретін болады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий