Олжас Бектенов Санкт-Петербургтегі халықаралық жиында сөз сөйледі

18.06.2026 16:24 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Олжас Бектенов Санкт-Петербургтегі халықаралық жиында сөз сөйледі
57
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен мәдени байланыстар мен креативті индустрияны дамытуға арналған халықаралық конференцияның пленарлық отырысында арнайы сөз сөйледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Алқалы жиынға Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов және Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.

Басқосу барысында Қазақстан мен Ресей президенттерінің, сондай-ақ Достастыққа мүше өзге де елдер көшбасшыларының тікелей қолдауымен мәдени байланыстарды нығайту бағыты ТМД күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі болып қала беретіні баса айтылды.

Қазақстан бұл саланы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде бекітіп, шығармашылық қызметке жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

«Биыл наурыз айында Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңымыз мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді.

Мамыр айында Астанада өткен «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум маңызды оқиға болды, оған әлемнің 20-дан астам елінің тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысты.

Одан бөлек жаңа Конституцияда зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдік берілген. Осы негізде Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Жаңа нарықтар, жаңа жұмыс орындары қалыптасып, ұлттық креативті өнімді экспорттау мүмкіндіктері кеңейтілуде», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда отандық креативті сектор 40-тан астам қызмет түрін біріктіріп, салада 150 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдары бұл бағыттағы жалпы қосылған құн көлемі ширек есеге артып, $3 млрд көрсеткішіне жетті. Сонымен қатар еліміз Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Жаһандық инновациялық индексіндегі орнын тұрақты түрде жақсартып, 2025 жылы «Креативті нәтижелер» санаты бойынша бірден 32 сатыға жоғарылады.

«Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің креативті индустриялар қауымдастығын құру жөніндегі бастамасы ерекше маңызға ие. Бұл формат бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және креативті өнімдерді ілгерілету үшін жағдай жасауға бағытталған», — деп атап өтті ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Шығармашылық экономиканы қолдау мақсатында республикада арнайы заңнамалық база бекітіліп, өткен жылы Креативті индустрияларды дамыту қоры өз жұмысын бастады. Аталған құрылым авторлар мен кәсіпкерлерге экспорттық әлеуеті жоғары, бәсекеге қабілетті жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Барлық аймақтарда жастардың кәсіпкерлік бастамаларына арналған заманауи хабтар ашылуда. Нәтижесінде отандық кино, музыка, дизайн, ойын индустриясы мен цифрлық контент халықаралық нарықтарға сәтті шығып, шетелдік аудиторияны Қазақстанның бай мұрасымен таныстыруда.

Экономиканың барлық секторын дамытудың негізгі элементіне айналып келе жатқан жасанды интеллект саласы да назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып, қоғамдық өмірді жаппай цифрландыру міндеті қойылды. Олжас Бектенов бұл ретте бейне генерациялау бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енген, технологиялық нарықта жаңа трендтер қалыптастырып үлгерген қазақстандық Higgsfield стартапын нақты мысал ретінде келтірді.

Бұдан бөлек, ұлттық мәдени мұраны сақтау үшін жоғары дәлдіктегі LiDAR сканерлеу мен 3D-мұрағаттауды қолданатын Цифрлық көшірмелер банкі іске қосылды. Платформа ЮНЕСКО қорғауындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері және Маңғыстаудың жерасты мешіттері сияқты археологиялық нысандарды қамтиды. Қазірдің өзінде E-Museum жүйесіне 300 мұражай қосылып, ондаған мың жәдігер цифрлық каталогқа енгізілді. Сонымен бірге өткен ғасырда таспаланған 43 отандық кинотуынды қалпына келтіріліп, цифрлық форматқа көшірілді. Үкімет басшысы цифрландыру процесі шекаралық шектеулерді жойып, миллиондаған адамға тарихи нысандармен танысуға жол ашатынын алға тартты. Дегенмен, жаңа виртуалды кеңістікпен қатар ТМД аумағындағы дәстүрлі мәдени байланыстар да өз маңыздылығын жоймайды. Түрлі көрмелер, фестивальдер мен өзара гастрольдік сапарлардың артында үлкен шығармашылық қоғамдастықтың зор еңбегі жатқаны айтылды. Осындай кешенді шаралардың арқасында мәдениет саласы жаңа сипатқа ие болып, заманауи экономиканың ажырамас бөлшегіне айналып үлгерді.

Еске сала кетейік, осы жылдың мамыр айында Астана қаласында «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған ауқымды халықаралық симпозиум өткен болатын. Маңызды тарихи жиынға әлемнің 20-дан астам мемлекетінен келген жетекші тарихшылар мен мәдениеттанушылар қатысты.

Войдите, чтобы оставить комментарий