Олжас Бектенов: жаңа Конституция сенім мен тұрақтылықты нығайтып, болжамды дамуға жол ашады

02.02.2026 13:46 Нақыпбек Фатима
Олжас Бектенов: жаңа Конституция сенім мен тұрақтылықты нығайтып, болжамды дамуға жол ашады
65
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылым академиясының мүшелерімен және өңір әкімдерімен кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиында Конституцияның жаңа жобасын талқылау мен ғылыми әлеуетті экономикаға кіріктіру мәселелері қаралды. Үкімет жетекшісі ең алдымен Ата заңның жаңа жобасының маңыздылығына тоқталды. Олжас Бектенов бұл құжаттың болашаққа бағдарланған прогрессивті сипатқа ие екенін және онда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітілгенін атап өтті. Премьер-министрдің пікірінше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» және «Әділетті Қазақстан» идеялары халық арасында кең қолдау тапты. Сондай-ақ саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін Күшті Президент пен ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет тұжырымдамасының маңызы зор. Жаһандық өзгерістер мен орта державалар рөлінің артуы кезеңінде конституциялық реформа уақыт талабына сай жасалған қадам болып табылады.

Отырыс барысында ғылыми қауымдастық өкілдері де жаңа саяси құжатқа қатысты өз ойларын ортаға салды. Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ұсынылып отырған жобаның елдің ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуына негіз болатынын жеткізді. Ал академик Вячеслав Локшин медицина ғылымын дамытудың ұлттық қауіпсіздік мәселесі екеніне назар аударды. Ғалымның айтуынша жасанды интеллект пен үлкен деректерді енгізу және телемедицинаны дамыту саласы стратегиялық деңгейге көтерілуі тиіс.

Мемлекет тарапынан ғылымды қолдау шаралары да кеңінен сөз болды. Бүгінде ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға бағытталған шығыстардың 300 пайызына дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бюджет кодексіне сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар өндіру шығындарының 1 пайызын ғылыми-зерттеу жұмыстарына аударуға міндеттелді. Соңғы үш жылда республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 3,5 есеге өсіп 2026 жылы 214 миллиард теңгені құрады. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін жеткізуді тапсырды.

Олжас Бектенов Ұлттық ғылым академиясының ел дамуына үлес қосатын басты зияткерлік орталыққа айналуы тиіс екенін ескертті. Ақылбек Күрішбаев академияның форсайттық жоспарлау құралын іске қосқанын хабарлады. Мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен 70 сессия нәтижесінде 220 перспективалық міндет айқындалып 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленген. Бұдан бөлек төрт деңгейлі теңдестірілген басымдықтар жүйесін Жоғары ғылыми-техникалық комиссия арқылы бекіту ұсынылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тау-кен металлургия саласындағы жетістіктерге тоқталды. Соңғы бес жылда аталған секторға 150 миллиард теңге инвестиция құйылып 1,5 мыңнан астам жоба жүзеге асырылған. Ауыл шаруашылығы саласында да отандық ғылымның үлесі қомақты екені байқалады. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы 743 сұрып пен гибридті тіркеген және егіс алқаптарының 60 пайызында қазақстандық тұқымдар пайдаланылады.

Аймақтардағы ғылыми-инновациялық жобалар жайында облыс әкімдері баяндады. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жергілікті жоғары оқу орындарының базасын күшейту және шетелдік ғалымдарды тарту жоспарымен бөлісті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сирек кездесетін материалдарды зерттеу және Horizon Europe аясындағы халықаралық ынтымақтастық туралы айтты. Сарапшылар Эрлан Батырбеков пен Асқар Жұмаділдаев Үкімет бекіткен ғылымды шоғырландыру аумақтары тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтті. Олар кремний өндірісі мен іргелі зерттеулерді дамыту үшін арнайы зауыттар салу қажеттігіне назар аударды.

Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жауапты тұлғаларға нақты мерзімдер белгіледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы 1 наурызға дейін ғылыми басымдықтарды айқындаудың жаңа моделін ұсынуы қажет. Салалық органдар осы мерзімге дейін өндірістік міндеттерді шешуге арналған жол карталарын бекітуі тиіс. Өңір әкімдеріне жергілікті ғылыми-технологиялық кеңестерді басқару және 2026 жылғы 1 сәуірге дейін ғылыми-техникалық тапсырмаларды бекіту жүктелді. Ал Ұлттық ғылым академиясы сәуір айының басына дейін Ғылыми-технологиялық форсайт орталығын құруы шарт. Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы 1 мамырға дейін суды басқаруда жасанды интеллектіні қолдану жобасын іске қосу және жыл соңына дейін су-энергетикалық ресурстар картасын әзірлеу тапсырылды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий