Өмір бойғы жазасы өзгере ме? Шерхан Аймахан ісі қайта қаралуы мүмкін
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, ол қорғау тарапының апелляциялық шағымын зерделеп, оған қатысты өз қарсылығын білдіреді. Алдағы уақытта іс апелляциялық сотта қаралады.
«Нұрайға қатысты іс бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді. Оны зерделеп, өз қарсылығымды білдіремін. Енді жақын арада апелляциялық соттың отырыстары өтеді», – деп жазды Аянхан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай отбасы бірінші сатыдағы соттың үкімімен толық келісетінін айтқан еді. Қайтыс болған қыздың жақындары сотталған азаматқа тағайындалған өмір бойғы жазаны жоғары тұрған соттарда да қолдауға ниетті екенін мәлімдеген.
Еске салайық, 13 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 28 жастағы Шерхан Аймаханға қатысты үкім шығарған. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша – аса қатыгездікпен адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша кінәлі деп таныған.
Сот шешімімен Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Соңғы жаңалықтар