"Оңай емес": Путин Қазақстанмен қарым-қатынас пен АЭС құрылысы туралы не деді

05.06.2026 12:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
263
Фото: Кремль
Ол көрші елмен байланыс қарқынды дамып жатқанын, алайда ресми Астанамен келіссөздер үнемі тартысты өтетінін жасырмаған.

Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда Қазақстанмен арадағы екіжақты қарым-қатынас пен көктемдегі сапарының қорытындылары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Биылғы 2026 жылдың 27-29 мамыр аралығында Путиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында Балқаш АЭС-ін салу бойынша үкіметаралық келісімге қол қойылып, достық пен тату көршілік туралы жеті негізді қамтитын құжат қабылданған болатын.

ҚР Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева осы сапардың маңызы мен Қазақстанға сыйға тартылған Амур жолбарыстары туралы сұрақ қойып, бұл қадам екі ел арасындағы сенімнің белгісі ме деген сауал жолдады. Журналистің сауалына жауап берген Ресей басшысы екі ортадағы ортақ мүдделерге кеңінен тоқталды.

Фото: Кремль

«Біздің қарым-қатынасымыз өте табысты дамып келеді, дегенмен қазақстандық достарымыз бен серіктестерімізбен жұмыс істеу оңай емес екенін бірден атап өткім келеді. Қаржылық, өнеркәсіптік байланыстар, инвестициялық жағдайлар мен ірі жобаларға қатысты әрбір мәселе бойынша әрдайым өте өткір пікірталастар болады. Бірақ екі тарап та тек өз мүддесін ғана емес, ортақ мақсатқа жетуге ықпал ететін компромисс табуға ұмтылады, ал ол мақсат біреу, ол екі ел азаматтарының әл-ауқатын арттырып, дамуын қамтамасыз ету», — деді Владимир Путин.

Фото: Кремль

Энергетика мен өнеркәсіп бағытындағы басты тақырыптардың бірі ретінде бейбіт атом саласы аталды. Путин Қазақстанның әлемде үлкен сұранысқа ие уран қорларына бай екенін еске салып, бірлескен жобалар жай ғана станция салу емес, тұтас жаңа индустрияны қалыптастыратынын айтты.

«Қазақстан қажетті электр энергиясының 20 пайызын атом станциясы есебінен алуды жоспарлап отыр. Біз уранды бірлесіп өндіреміз және бұл жұмысты жалғастыра береміз. Бірақ ең бастысы станция блоктарының салынуында емес, кадр даярлауды, ғылыми және өндірістік қызметті қамтитын жаңа саланың құрылуында жатыр. Бұл бағыт біз үшін де, Қазақстан үшін де өте маңызды», — деді Ресей басшысы.

Бұдан бөлек басқосуда дарынды балаларды қолдауға арналған «Сириус» жүйесін енгізу, орыс тілін дамыту жөніндегі халықаралық құрылым құру және экологиялық бастамалар сөз болды.

«Орыс тілін қолдау ұйымын құру бастамасын көтергені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтамыз, ал жолбарыстарға келсек, бұл табиғатты қалпына келтіру ісі. Бізге де Тәжікстандағы достарымыз қар барыстарын берді, ал біз әлемдегі ең ірі саналатын қиыршығыс жолбарыстарының популяциясын сақтап қалу үшін көп жұмыс істедік. Кезінде Қазақстанда да осындай жолбарыстар болған, сондықтан достарымызға көмектесе алсақ, әрине, мұны жасаймыз», — деді ол.

Сондай-ақ мемлекет басшысы алдағы уақытта трансшекаралық өзендердің ресурстарын бірлесіп пайдалану сияқты прагматикалық мәселелер бойынша да үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын жеткізді.

Фото: Кремль

Войдите, чтобы оставить комментарий