"Онлайн несие берілмейді". Банк саласында қандай өзгеріс күтіп тұр?
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Парламент қабырғасында биыл қабылданған маңызды заңдар мен олардың қоғамға тигізген әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, ең өзекті шешімдердің бірі – онлайн несие беру тәртібіне қатаң шектеу енгізілуі, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Парламент қабырғасында биыл қабылданған маңызды заңдар мен олардың қоғамға тигізген әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, ең өзекті шешімдердің бірі – онлайн несие беру тәртібіне қатаң шектеу енгізілуі.
Депутаттың сөзінше, соңғы жылдары банк жүйесіне қатысты азаматтардан түсетін шағымдар күрт артқан. Осыған байланысты заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуге тура келген. Атап айтқанда, банк заңнамасына 18, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 10 түзету қабылданған. Енді қаржы ұйымдары онлайн несие рәсімдеу кезінде клиенттің жеке өзі қатысып, құжаттарға қол қоюын міндетті түрде талап етеді.
«Бұрын банктер онлайн түрде, ешқандай растаусыз несие рәсімдей беретін. Қазір бұл тәжірибеге нүкте қойылды. Клиенттің жеке қатысуы – басты талап», – деді Мұрат Әбенов.
Сонымен қатар депутат құрылыс саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, енді құрылыс нысандарына берілетін кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылған. Ал алғашқы екі жылда толық мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Бұдан бөлек, әкімдердің кейбір шешім қабылдау өкілеттігі шектелген.
«Бұл өзгерістер ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған. Президенттің өзі де адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларда бақылауды күшейту қажет екенін айтқан болатын», – деп атап өтті депутат.
Мұрат Әбенов алдағы уақытта тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында да жаңа заңнамалық түзетулер дайындалып жатқанын жеткізді. Әсіресе авиация саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, қайтарылмайтын әуе билеттері мәселесін қайта қарау және билет бағасын реттеу күн тәртібінде тұрғанын айтты.
«Егер азамат билетке ақша төлесе, оны қайтарып алу мүмкіндігі болуы тиіс. Баға саясаты да мемлекет бақылауында болуы керек», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар